Есек пен тұлпар
Ерте, ерте заманда,
Мынау жалпақ ғаламда
Тату екен, дос екен
Жан-жануар, бар аңдар.
Хайуанаттар еңісте –
Жасыл жайлау өрісте
Жүреді екен еркімен
Келмей ешбір керіске.
Үйір-үйір құландар –
Шеттерінен бұла аңдар.
Шауып кетсе,
Шаң беріп,
Қыр басынан қылаңдар.
Қос құлан бір жүріпті,
Тату өмір сүріпті.
Екеуінің достығын
Басқалар да біліпті.
Сол екі дос ерікті
Ен далада желіпті.
Көрсеткелі қызмет,
Адамзатқа келіпті:
«Түзде жүрген тағы аңбыз,
Адамзатқа алаңбыз.
Адал еңбек етпекпіз
Бұдан былай саған біз».
Адам қарсы болмапты,
Тілектерін қолдапты.
Арасында олардың
Шын татулық орнапты.
Құлақтары құрақтай,
Көздері нұр шырақтай.
Көрген сәттен сол адам
Құландарды ұнатты-ай.
Жал-құйрығы төгілген,
Аса сұлу көрінген
Жүйріктері жарап тұр,
Қолтығынан сөгілген.
Тұлпарлары түледі,
Адам да оны біледі.
Қатар баптап екеуін,
Кезек-кезек мінеді.
Өтсе-дағы қай күні,
Жиын-тойда әйгілі
Құландарын құйғытып,
Бермейді бас бәйгені.
Топырласқан топтарда
Қыза кіріп көкпарға,
Суырылып салымда,
Оза шауып кетті алға.
Қос құланның біреуі
Қулық сақтап жүреді.
Қала берді ауырып,
Жау келгенде үнемі.
Тыйып ойын-күлкіні,
Өзгереді күрт үні.
Болмаса деп думан-той,
Қорынады күн-түні.
Құлақ кеткен салпиып,
Қарын кеткен қампиып.
Қысқарыпты аяқ та,
Көп тұрған соң маңқиып.
Жаннан қорқып безектеп,
Өлмес күнін есептеп,
Жүргеннен соң,
Досы оған
Ат қойыпты Есек деп.
Күйі кетіп ширыққан,
Айрылды жал-құйрықтан.
Арамдыққа арнайы
Тартылған бұл сыйлық та.
Түбі тұлпар десек те,
Есек содан Есек те.
Төрт түліктің түрі боп,
Қосылмайды есепке.
Тамсандырып талайды,
Тұлпар жалын тарайды.
Жан серік боп адамға,
Бар ісіне жарайды.
Домбырасын өңгерген,
Өлең сөзге өң берген
Ақындарға ел көрген
Көрік болған бұл Тұлпар.
Ертегіші Ерденге,
Ер Төстіктей ерлерге,
Батыр Құламергенге
Серік болған бұл Тұлпар.
Жауын жайпап, жапырған,
Жекпе-жекке шақырған
Қобыландыдай батырға
Көлік болған бұл Тұлпар.
Отқа салса, жанбаған,
Суға салса, батпаған,
Алпамысты сақтаған,
Болып қорған бұл Тұлпар.
Жауларына әрбір күн
Сала білген сан қырғын.
Тақымында Тарғынның
Көбік болған бұл Тұлпар.
Ханды теңеп қасқырға,
Қол бастаған бас тұлға.
Махамбеттің астында
Желік болған бұл Тұлпар.
Елімізге қалмақтар,
Лап қойғанда жан-жақтан.
Батырларға ардақтар,
Серік болған бұл Тұлпар.
Әнін шырқап еліне,
Шыққанда шың-төріне,
Біржан, Ақан серіге
Көрік болған бұл Тұлпар...
Мынау жалпақ ғаламда,
Құстай ұшып әманда,
Осылайша адамға
Келіп қонған бұл Тұлпар.