Абай-дара, Абай –дана!
Нұратов Медеу
Қостанай облысы
Рудный қаласы
Абай-дара, Абай –дана!
Дана Абайдың ұлылығы сол – жеке адамға қатысты өте нәзік, шетін қасиеттерді талдай отырып, ұлттық мінезден де осы қасиеттердің көрініс алатындығын аңғартады. Қырық төртінші қара сөзінде «адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады» деп адам баласының әлсіз тұсының тамырын дөп басады. Осындай «бәрекелді» тілегіштік біздің елде мемлекеттік сипат алды. Мемлекеттік телеарналар мен баспасөзде тек «бәрекелді» тілегіштік сарын, «бәрекелді» тілегіштік саясат. Қазақ қоғамында мәселе, не шешілмеген түйін жоқ па деген ой тудыруы да мүмкін. Әлемнің дамыған 30 елінің ұстанымдары қалай? Адамдық сапа-қасиеттерді мейлінше сараптан өткізген бұл дамыған елдерде мақтан мен «бәрекелді» тілегіштік саясат әбден екшеуден, талқыдан, тараздан өткен сыңайлы. Қазіргі жаһанданған қоғамда құндылықтар, өркениеттер, саналар қақтығысы орын алуда. Бір конфессияның екінші бір конфессиямен шиеленісі тым күшейіп отыр. Еуропа құндылықтары үшін қатардағы іс, өзге елдер үшін кешірілмес күнә, барып тұрған азғындық. Ондай әрекеттері үшін ортағасырлық жазалау әдістері дайын тұр. Діни құндылықтарды адами құндылықтан жоғары қою, асыл дінді дұрыс түсінбеу, түсіндірмеу түрлі қасіреттерге алып келуде. Кертартпа, соқыр, жалған, таптаурын сенім, намыс адамзат қоғамын жалпыадамзаттық құндылықтардан алыстатуда.
Абай отыз алтыншы сөзінде «надандықтың ұяты» деген қасиетті айтады. Ұялмайтын нәрсеге ұялатын, ұялатын нәрседен ұялмайтын тоғышар санадан, ергежейлі рухтан, таяз парасаттан, соқыр надандықтан, парықсыздықтан, ардың ластығынан туыындайтын әрекет. Абайдың «Надандықтың ұяты» ұғымы – ақын өмір сүргеннен бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, адамзат сана, таным, парасат тұрғысынан жаңғыра алмай отырғандығын көрсетеді. Сол сияқты қазақ қоғамына да менталдық, рухани, парасат тұрғысынан жаңаратын, ескіліктің шеңберінен шығып, жаңаға ұмтылатын, құндылықтар дүниесінде ревизия жасап, дақпырт пен даңғазаға, кертартпалық пен соқыр нанымға, таптаурынға, екіжүзділік пен аярлыққа, жалған намыс пен мақтанға толы рухани, адамгершілік келбетімізді жақсартуға, адам құқықтары мен бақытын дәріптейтін жалпыадамзаттық құндылыққа ұмтылатын кезең келді.
Адам құны мен құқығы кеміген, арзаңдаған, аяқ асты болған қоғамда – адам ешқашан бақытты болмайды. Адам құны мен құқығы жоғары қоғамда ғана адам өзің толық бақытты сезінеді.