Абай- дана, Абай- дара қазақта!
Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп,кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар болғаны шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы. Аталған уақыт аралығында қазақ ортасында идеялық жаңа тыныстың қанаттануына Абайдай жан салған ойшыл кемде-кем. Еліміздің шымырланып, қайта түлеу қажеттігін сезінгендіктен, қайрау мен намысқа тию арқылы ішкі жан-дүниесінің қайтадан жаңаша құрылу қажеттігін ұсынды. Мәселен «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын толғауында халқына бағышталған махаббаттың тұңғиық көріністері анық байқалады. Ақынның жақсы мен жаман, надандық пен адамдық, махаббат пен ғадауат туралы әр ұстанымы, әр тұжырымы өткен өмірдің, бүгінгі күн мен келер шақтың келбетін анықтайтын айрықша өлшемдер сияқты.
Абай адам өмірінің бірталай келеңсіз жақтарын сынай отырып, одан құтылудың жолын да көрсетіп береді. Өнер, білім, ғылым үйреніп қана қоймай, сол алған білімді қалай жұмсау керектігін де айтып өткен. Ақынның шығармашылығының өзегі «Адам бол» деген философиялық идеяға сәйкес келеді. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз»- дегенде ғұлама-адамның рухани жетілу мүмкіндігінің шексіздігін көрсетті. Менің түсінігім бойынша, адам өмірге құштар болу керек. Еш қиындыққа мойымай, бәрін жеңу қажет. Адамгершілікке жетелейтін бірден-бір жол, Абай түсінігінде білім мен ғылымға құштарлық болып келеді.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,-
деп, Абай атамыз адам болып қалыптасу үшін ең қажеті ғылым екенін көрсетіп, адамның бойына оның өзімшіл табиғи болмысы арқылы орныққан менмендік, нәпсіқұмарлық, тұрақсыздық сияқты қасиеттеріне шектеу қоюға тырысады. Қазақ халқын шексіз сүйген Абай ескіліктің бұғауынан, надандықтың шырмауынан шыға алмай отырған ауыр халіне күйінеді.
Мен Абай шығармашылығында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты өлеңінің орны ерекше. Ол:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні көрмек үшін ,
Көкірегі сезімді, ойы орамды.
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,-
деп бар үмітін оқуға талаптанған жастарға, яғни біздерге жүктейді. Өзі туралы айтқанда:
Жасымда ғылым бар дер ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,-дейді де, оқыған балалар жайында
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,- деп оқығанда әкім болып билікке қызығу үшін емес, ғалым болып дүниені тану үшін оқу керек екенін еске салады. Ақынның әр сөзінде бай мазмұн бар. Өзі айтқандай «сырты күміс, іші алтын» болып келеді.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Абайдың… барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр… Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, шығыс поэзиясына, тарихына, философиясына соны көзқараспен қарап жаңаша баға берді. Шығыстық логика мен мұсылман құқығын үңіле зерделеді», -деп бағалайды. Ия, Елбасының пікірімен келіспеуге болмас.Абай- шығыс пен батысты байланыстырған көпір іспеттес. «Ұлы ұстаз» деген атқа Әбунасыр әл- Фарабиден кейін Абайдан артық лайық есімді табу мүмкін емес. Абай есімі неткен жылы, неткен дара?! Ес білгелі өз жаныма сонша жақын дара тұлғаның әрбір сөзі, бүкіл халқымның болмысын танытар дана ойлары мен күн өткен сайын өз жұмбақ әлеміне қызықтыра алып кетті.Абай әлемі, Абай поэзиясы, қара сөздері, әндері ,әсіресе оның жаңа ғасыр босағасын аттаған балғын жастарға, бізге берер мол ғибраты соншалық жақын да алыс құпиясымен оқырманды өзіне баурай берді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлттық код, туған жер деген ұғымдарды негізге алды. Ал осы рухани құндылықтарымыздың бастауы-Абай мұрасында жатыр деп айту, қателік емес. Мектеп табалдырығын аттағаннан Абай мұрасымен сусындаған бала, келешекте өз мемлекетінің бір кірпіші болып қаланып, елін көркейтері айдан анық.
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап,
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақта,-
деп кемеңгер, надандықтан шығар жол –оқу-білім, өнер екендігін айта келіп, оның жетістікке жетуіндегі еңбектің рөліне мән береді.
Абай туралы жаза берсек түніміз таңға ұласар, ол да аз. Надандық –білім -ғылымның жоқтығы
Білімсіздік –хайуандық болады
Еріншектік –күллі дүниедегі өнердің дұшпаны.
Егеменді еліміздің жастары осы үш кеселден , адамды қор қылатұғын нәрседен бойын аулақ салса, ақынның арманы орындалғаны.