09.04.2022
  131


Менің еңбек жолым және методикалық тәсілім

Алматы қаласы


Алатау ауданы 


МКҚК «№164 бөбекжай-балабақшасы»


 


Ортаңғы топ тәрбиешісі:  Тұрғанбаева А.Д


                                           


          Бала тәрбиесі, оның ішіндегі балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. ақын М.Жұмабаев айтқандай«Тәрбие-адам баласын кәмелет жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» – деген екен.Сондықтан біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз, А.Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде тәрбиеші алдын көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар…


Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп, балабақшада бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едім. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды. Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса — міне, нәтиже.


Әрбір оқу әрекеттерім жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай боламын. Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты.
Жас өспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің бала назарын еріксіз оқу іс — әрекетіне аударту, баламен оқу іс — әрекеті үстіндегі әрбір қарым — қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Көбінесе жұмысымның негізгі бөлімдеріне ғана назар аударылып, ұйымдастыру бөлімінде өткізілетін психологиялық тренингтер, сергіту сәттерінің алар орны ерекше. Мысалы, «Әуенді шапалақ», «Банан, банан, кокос» тренингтерінде тәрбиеленушілерім ерекше көңіл күйге бөленеді. Ал мерекелік іс — шараларда « Шалқан», «Қасқыр мен жеті лақ», «Бауырсақ» ертегілерін сахналағанда түрлі рөлге енемін, бірде Ақшақар, бірде шалқан, бірде сайқымазаққа айналғанда балапандарымның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Алдыма келетін балаларды үлкен жауапкершілікпен осы ғажайып әлемнің тылсымына ендіру маған үлкен ләззат сыйлайды. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын. Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл — күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс — әрекеттеріне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.





Пікір жазу