Тәрбиеші жан мамандығы
Бұл өмірде көптеген мамандық түрлері бар және сол мамандық
түрлерінің әрқайсысы өз қылығымен ерекшеленеді. Бірақ бәрінен де
қызықты, қажет мамандық – тәрбиеші мамандығы деп ойлаймын.Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар.Менің мамандығым-тәрбиеші.
Тәрбиеші жұмысы күрделі де, қызықты да, жауапты. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері«Сәлеметсіздер ме, балалар?» деген сөзіме, берген балалардың «Сәлеметсіз бе ?» деген жауабы бір сергітіп, серпілдіріп тастайды. Сондықтанда, бұл сөз мен үшін қадірлі, мен үшін құдыретті сөз. Күнде таңертең жұмысқа келгенде, балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады. Алдымда отырған жас бүлдіршіндерімнің сүйкімді де, әдемі, байсалды да, ақылды жүздерін көрсем, әрбір үйдің ерке баласының жүздерінен не нәрсені де білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын.Осы бір «Балалар әлемнің» теңізіне бір бағыт алсаң ешқашан басқа жаққа кете алмайсың деп ойлаймын.
Күнделікті таңертең балабақша ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Балабақшаға кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, балалардың тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Алдымызға келген балалар — біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлеп, шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз тәрбиешілердің еншісінде.
Ал мен өзімнің қасымда сол кішкентай бүлдіршіндерің барына қуанамын, олар әрқайсысы өз қылығымен тәтті, алғыр, ұяң, ширақ,қызықты. Оларға ең алдымен не керек? Бәрінен де — жылы жүрек,махаббат керек, сондықтан мен олардың әрқайсысын бөліп жармай,бәрін бірдей қабылдаймын. Басқа мамандық түрінен мұндай қызығушылықты көрмейсіз, өйткені тәрбиеші- бала жанының емдеушісі, сарапшысы, қиындықтың бәрін жеңе біліп, балалардың сенімі мен кішкентай жүректерін жаулап алатын адам.Мен осы себептерден кейін тәрбиеші мамандығын таңдап алдым және осы мамандықты қатесіз таңдағаныма қуаныштымын. Осы мамандық жолында әрі қарай білім алуға, дамуға, әртүрлі қызықты жұмыс түрлерін үйренуге болады, қысқасы бір орында тұрып қалмаймын. Тәрбиеші мамандығына осы себептерден басымды ие отырып, ұлы ұстаздардың ұшан теңіз еңбектері мен тәжірибесіне басымды иемін.
Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты.Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған қараған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Балалар — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.
Мұғалім,тәрбиеші–болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық иесіне дәл мұғалімге қойылатындай талаптар қойылмайды.
Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен мамандығымды мақтан тұтамын
Алматы облысы,Жамбыл ауданы,Ұзынағаш ауылы
Медина бөбекжай балабақшасы
ЭССЕ — ТӘРБИЕШІ –ЖАН МАМАНДЫҒЫ
Тәрбиеші: Жаябаева Карлыгаш Тельмановна