Мәңгі бейне
1
Мәңгі бейне жайында
Атам айтқан аңызды.
Мәнді сөзді пайымда
Салмақты да маңызды.
Албан деген бір бала
Алғыр болды жасынан.
Сурет көрсе бір жаңа,
Шықпай қойды қасынан.
Ары-бері айналып,
Көп қарайды тесіліп.
Содан кейін жайланып,
Салады өзі көшіріп.
Елден ерек аялап,
Әр қыратты, әр белді,
Қыл қаламмен бояп-ақ,
Ақ қағазға жан берді.
Жасыл жайлау, жасыл бақ –
Сүйді жалпақ жапанды.
Албан алты жасында-ақ
Шын суретші атанды.
Туған жердің түсінді
Әр бұтасын, әр тасын.
Тасқа ойып түсірді
Туған елдің картасын.
Айналақтап жүрді көп,
Кісі көрсе пішінді.
Қашағысы тұрды кеп,
Мәрмәр тастан мүсінді.
Әр іс сәтті бастала,
Әр қияға ой кетті.
Тілсіз қара тасқа да
Тіл бітіріп, сөйлетті.
Ақылымен ғаламат
Дүр сілкінткен ғаламды,
Елден ерек бағалап,
Сүйді дана адамды.
Күлімдеген көзінен
Күннің нұры тараған.
Туыс сынды өзімен
Әлемдегі бар адам.
Албан соны сезеді,
Иә, Ленин – ұлы адам.
Данышпанның өзі еді
Барлық жанға ұнаған.
Ұлы, дана көсемнің
Жасау керек бейнесін.
Өтсе де жыл неше мың,
Сол бір бейне сөнбесін.
Кәдімгідей жанды қып,
Жақсы сурет салған жөн.
Мәңгі бейне қалдырып,
Ел алғысын алған жөн.
Тынбады Албан,
Тынбады,
Салды сурет қаншама.
Талантын шын шыңдады,
Әр өрнекке жан сала.
Тұрды ата суреті
Кітапта да, дәптерде.
Тұрды ата суреті
Қабырғада – қақ төрде.
Тұрды ата суреті
Торабында жолдардың.
Тұрды ата суреті
Парағында томдардың...
Бірақ, мұның бәрі де
Бейне емес қой мәңгілік.
Ойлау керек әлі де,
Талай таңды таңға ұрып.
Ақылымен нар тұлға
Мұндай ұлы кісінің
Айнытпай қаз қалпында
Жасау керек мүсінін.
2
Тынбады Албан,
Тынбады,
Тер төгілді қаншама.
Қиындықтан қыңбады,
Сан азапқа салса да.
Кейде Албан гипстен
Құяды да мүсінді,
Әшекейлеп мың түспен
Құлпыртады пішінді:
Бірде ата шуақты
Күн көзіндей көктемгі.
Бірде ата қуатты
Қырандайын көктегі.
Үлкенге де, сәбиге
Кеткен бейне бауыр боп.
Шуағымен әр үйге
Кіріп келді сәуір боп.
Кейде Албан мәрмәрдан
Сұлу мүсін қашап бір,
Тамылжыған таңдардан
Таратады ғажап нұр.
Шалқар шабыт ақтарған
Терең ойдың тұнбасы –
Алаңдарда, бақтарда
Тұрды ата тұлғасы.
Кемеңгері заманның,
Ақылы асқан данышпан.
Мүсіні алып адамның
Көз тартады алыстан.
Тынбады Албан,
Тынбады,
Тындырғанша бұл істі.
Асқар, алып тұлғаны
Жасауға енді кірісті.
Бір ауыл, бір алапқа
Көрінгенмен зор мүсін,
Соққан жөн сай талапқа
Одан да зор оңдысын.
Өтсе-дағы мың ғасыр,
Көрінетін бар елге.
Атаның зор тұлғасын
Жасау керек әлемде.
Оның үшін не керек?
Көк тіреген шың керек.
Сонда ғана керемет
Тұрар тұлға шын бөлек.
Күтіп тұрса көп үміт,
Қол қусырып жатар ма?
Бір тоқтамға бекініп,
Аттанды Албан сапарға.
Буынып та түйініп,
Құралдарын қолға алды.
Альпинисше киініп,
Қыран құстай қомданды.
Белес-белес бел қалып,
Асты талай шыңдардан.
Артта туған ел қалып,
Алда асқақ тұрды арман.
Жыл он екі ай жол жүріп,
Дүниені шарлады.
Жол жүргенде мол жүріп,
Сонда да Албан талмады.
Күндердің бір күнінде
Көрінді бір мұнар тау.
Осы болар түбінде
Арманына шығар тау.
Барған сайын алып тау
Бара жатты биіктеп.
Мұнар бұлтты жарып тау,
Тұрды шыңын сүйіп көк.
Бұдан биік алпауыт
Тау жаралмас тегінде.
Іздегенін дәл тауып,
Қона кетті көңілге.
Сыбанып ап білекті,
Албан істі бастады.
Дүр сілкініп дір етті
Тәңір таудың тастары.
Шоқыларды опырып,
Сүйменменен, қайламен,
Кейде ойлана отырып,
Істейді ақыл-айламен.
Соққан кезде қарқындап,
Балғасымен батпандай,
Найзағайы жарқылдап,
Күн күркіреп жатқандай.
Айдалада, жапанда
Жалпақ әлем жаңғырды.
Ұқсап алып адамға,
Тауға жайлап жан кірді.
Күн артынан күн өтті,
Жыл артынан жыл өтті.
Жалындатып жүректі,
Албан істі үдетті.
Тозып темір шапаны,
Болат балға мүжілді.
Белге түсіп сақалы,
Бетке өжім түзілді.
Тынбады Албан,
Тынбады,
Тауды қашап нар-алып.
Ерен еңбек ырғағы
Жатты әлемге таралып.
Күндердің бір күнінде
Кең аспанның астында
Заңғар таудың бірінде
Тұрды алып тас тұлға.
Мүсін бітіп әлемде,
Ең биік те, ең алып,
Қарап тұрды бар елге
Тынысын бір кең алып.
Осыңдай зор тұлғаны
Көруді жұрт тіледі.
Күндіз-түні тынбады
Келушілер легі.
Көз ұшынан көрініп,
Тұрды тұлға ғаламат.
Алтын шуақ төгіліп,
Гүл жайнады бар алап.
3
Ой дегенің озбай ма?
Жетектеді жүз үміт.
Тау дегенің тозбай ма?
Бірте-бірте мүжіліп.
Иә, тұлға ғаламат,
Жоқ әлемде теңдесі.
Албан күшін шамалап,
Бір пікірге келді өзі:
«Мына ісім оншама
Бар талантты ашпайды –
Тұлға тым зор болса да,
Алып таудан аспайды.
Ата ісі мәңгілік,
Ата ісі өлмейді.
Әр күн сайын жаңғырып,
Дана ойы сөнбейді.
Сондықтан да, мәңгілік
Жасап ата бейнесін,
Қолтаңбасын қалдырып,
Сонсын Албан сөйлесін!».
Таңдағаны Албанның
Болды көкте алтын Ай.
Төбесінен ғаламның
Тұрсын мәңгі жарқырай.
Ай бетіне көсемнің
Салу керек бейнесін.
Өтсе де жыл неше мың,
Мәңгі бейне сөнбесін.
Сонда бейне бар елге
Күлімсірей қарайды.
Мынау байтақ әлемге
Алтын нұры тарайды.
Албан осы ойменен
Мақсатынан танбады.
Қуат-күші бойда ерен,
Зымыранмен самғады.
Алға тартып ақылы,
Жерді артқа тастады.
Айға жетіп ақыры,
Ғажап ісін бастады.
Төбелерді тегістеп,
Толтырды сан сайларды.
Ел білмеген еңіс көп
Жазықтыққа айналды.
Небір асыл тастарды
Қатар-қатар тізді Албан.
Жарқыратып аспанды,
Айдың бетін сызды Албан.
Тынбайды Албан,
Тынбайды,
Еңбегім тез өнсін деп.
Жатыр қашап нұрлы
Айды, Атаны әлем көрсін деп.
Мәңгі бейне жасауда
Албан Айда тынбастан.
Аймен сұлу қашан да
Төбедегі түнгі аспан.
Ұлы ата келбеті
Әр жүректе жарқырар.
Сәулеленіп жер беті,
Тамылжып бір таң тұрар.
Айдан кейін Күнге де
Көшер ата бейнесі...
Ол күнде де, түнде де
Жылу берер жерге осы.