08.04.2022
  158


Менің арманымның алғашқы бастамасы.

 


          Қыран құстың қанатына мініп, көкте қалықтағандай, балалық шақта өмір белесінің бірі, жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атану әрбір талапкердің үлкен арманы.


Студентік шақ тәтті әрі ең қызықты шақ. Біз өзіміз келген жеріміздегі таныс достардан бөлек, мұнда әр аймақтан келген жаңа достармен танысу. Жаңа таныстық, жаңа өмірге жол ашу.


Мектеп бітірген жылым.  Қолыма алған бір парақ қатты қағаз – менің бітіру туралы куәлігім. Ішіндегі бірінің астына бірі тізбектеліп қойылған бағалар да мақтанарлық.  Осы көкшіл құжат – менің арманымның алғашқы бастамасы еді.


Бір баспалдақты артқа тастап, келесісіне аяқ басқалы тұрған шағым. «Мұғалім болам» дедім. Осы кезде үнсіз тыңдап отырған әкем бір-ақ сөзбен: «Болды, мұғалім болам деді ма, мұғалім болады?!»-деді. Сол күн, сол сәттен бастап менің болашақ мамандығым қайта талқыға салынбады.


Үлкен қалаға жол жүргелі жатырмыз, әкем бір мал сойып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, жол жүріп кеттік.


Мен де дегеніме жетіп, Қарағанды қаласындағы, Қарағанды мемлекеттік университетінің  филология факультетінің студенті атанып шыға келдім. Осылайша, асқар тауым — әкемнің қолдауымен мақсатыма жетіп тындым.


Жүрегім алып-ұшып университеттегі сабақтарымның тез аяқталғанын күтетінмін. Университеттегі сабақтарым аяқталған бойдан, үйге қарай асығатынмын. Себебі, ұшақтан түскен сәтте,  алдымнан таудай әкем күтіп тұратын.


Осылай, жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, тұрмысқа шықтым. Бір баланың анасы атандым.


Әкемнің үлкен қызы, әрі ерке қызы–маған деген махаббаты өте ерекше болатын.


Анам мені он сегіз жасында өмірге алып келіпті. Сондықтан да болар, әкешімнің мен дегенде жаны бөлек еді. Қыздан ең үлкені болғандықтан, солай болуы заңды да шығар. Бірақ, әкемнің маған деген қамқорлығы мен мейірімі өте ыстық болатын.


Маған жаны ашығыш еді. Көңіліме кірбің түскенін байқаса, іштей уайымдап қалатын. Менің жайымды да басқа балаларына қарағанда көбірек ойлайтын.           Қарағанды қаласында  оқуда жүргенімде де, тіпті тұрмысқа шыққан соң да «Ана қызға қараңдар, керегін әперіңдер, бас-көз болып, қарайлап жүріңдер» деп анама үнемі тапсырма беріп отыратын.


Қыдырып келсем, төрге шығарып, әкелік сый-құрметін көрсететін. Көбіне-көп мені бала секілді етіп, қасына отырғызып алушы еді. Сөйтіп, соқталдай болсам да, әке-шешемнің орталарында отыратынмын.





Пікір жазу