Таңда көрген түс.
Ас үйде жүрмін. Үлкен бөлмеге кірсем, қақ төрде әкем отыр. Анам жанында отыр. Жүзі бал-бұл жанады, өте қуанышты, ерекше жайдарлы. Көңілденіп әңгіме айтуда. Аулада мал сойылып, қазан асылып жатыр.Тоғызымыз түгел үйге келгенбіз. Үйдің іші абыр-сабыр. Әкемді көрген мен керемет күйге ендім. Әкем алыстан келгенін әңгімелеп отыр. «Әкеміз қайтыс болды дейміз, ол тірі екен-ау». Сұмдық, біз төрт жыл бұрын ол кісіден айырылып қалған жоқпыз ба?!, «әкем келді»-деп бәріне хабарлап жатырмын. «Сыртта жүргендерге «әкем келді» деп айта салыңдаршы»- деймін шығып бара жатқандарға.
Көзімді аштым. Түсімді жалғастырғым келді. Қайта жұмамын. Көргенімді көз алдымнан өткізіп жатырмын. Тіпті, дәл осы сәт ұйқымнан оянғаныма да өкінетін деймін. Жүрегім сыздады. Не деген бақытты шақ?! Шіркін, қандай керемет күн?! Міне, әкем келді, анам жанында, бәріміздің басымыз бір шаңырақта қосылыпты-ау. Бір сәт туып, осының бәрі өңіме айнала кетсе деймін. Дәл бір сиқырға сенетін бүлдіршін бала секілдімін.
Өзегім өкініштен өртеніп кетті. Енді анамыздың жанында дәл осылай отыратын бұл сәттің ешқашан тумайтынына өкіндім. Мұның бәрін түсімде ғана тамашалауыма тура келетініне мұңайдым.
Бетімді көрпемен көлегейлеп, қараңғылықтың құшағына ендім де, жастығымды жасқа толтыра бердім. Содан соң бұл түсімді «Әкем бізді алыстан бақылап, бәрін де көріп-біліп жүр екен-ау» -деп, іштей жорыдым.
Әкеміздің мінезі тұйық. Сырт көзге қатал, суық болып көрінеді. Бірақ, өте қарапайым, ақкөңіл болатын. Қайран әкем, осы Алланың берген уақытында, өмірінде көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу, қызметтегі кісі болатын.
Әкеміз–біз үшін асқар тау болды. Әкеміз-осы шаңырақтың бар ауыртпалығын көтерген, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам болды. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау, біздің парызымыз деп түсінеміз. Себебі, бізді дүниеге әкеліп, өсіріп, оқытып, үлкен азамат етті.
Әкем- ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі.
Адам өмірді түсіну үшін бейнет көріп өсу керек дегеніне түсінбей қараушы едім. Иә, өзінің қарапайым сөздері мен үлкен ойды айтып отырады екен.
Марияш анамыздың жүзінен нұр төгіліп, жүрегінен жылу бөлініп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейік дегім келеді.
Ақылы мен пайымы терең анамыз бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отыратын. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», « Әкеңнін керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге жасымыздан тәрбиеледі. Ол кісі керемет әке бола алды, ал мен сондай жанның қызы болғаным үшін бақыттымын. Себебі, қадір — құрметтің бәріне лайықты болды.
Жүзі мен жүрегіне жылылықтың нұры тамып тұратын еді-ау, шіркін…
Жаным әлі де ауырады, әкемнің өлімімен бірге жүрегімнің жартысы үзіліп түскендей. Өмірімдегі әдемі суреттер әп-сәтте жаңбыр жауған секілді жағалданып кеткендей болды.
Бұл ешқашан, ешуақытта ұмытылмайтын қайғы, жазылмайтын жара. Өкінішті-ақ…