08.04.2022
  140


Мен және менің мамандығым

Мен бір әулеттің тұңғышы, әрі қыздан жалғыз перзентімін. Соңымнан ерген 5 інім бар.


Әлі есімде. Бала кезімде «менде неге сіңлі жоқ» деп анамның  мазасын ала беретінмін. «Қызым ау, бәрі алланың құзырында, менің сен сияқты сүйкімді қызым бар, ал сенің томпаңдаған інілерің бар емес пе» деп алдарқатып жүретін – ді ол кісі. Қуыршақтармен қаншалықты ойнағаным есімде жоқ, бірақ өңкей ер балалардың арасында өскендіктен мінезім де, болмысымда ерге тән болып бой жеттім. Қыз балаға тән сызылу, сәмбі талдай майысу секілді қылықтар менің бойыма сірә, мүлдем жұқпаса керек, орта жасқа келсекте құрдастарым әлі күнге дейін «ер мінезді», «бір еркектің орнында жүретін жансың» деп әзіл – шыны аралас айтса да, құрбыларымның тіктеп келгенде аздап қаймығатынын өзім де сезетінмін.


Сонымен, бір үйдің балалары — мен бойжеттім, ұлдар ержетті. Өмірдің заңдылығымен тұрмысқа шықтым. Алғашқы перзентім қыз бала болатын шығар деп күтіп жүрдім. Біздей шалғай аудан үшін, бәрін алдын – ала анықтай қоятын, қазіргідей УЗИ аппараты қайда – ааа.


Бұйырғаны да, менің тұла бойы тұңғышым да, екіншісі де ұл бала болды. Үлкен інім де бірінен соң бірі екі ұлды болды. Кейін екінші інім үйленіп, оның тұңғышы да ұл бала болды. Көшеде кішкентай қызын жетектеп бара жатқандарды немесе апалы – сіңлілердің шүйіркелесіп отырғандарын көрсем қатты қызығатын болдым. Осылай өмір өтіп жатты.


Әлгі екінші келіннің аяғы тағы ауырлағанда «бұл да ұл шығар» дедік те қойдық. Пендешілік қой, әйтпесе перзентін ұл деп, қыз деп айырмайтын қазақ үшін ең бастысы — анасының жанының  аман қалғаны емес пе.


Жұмыс барысымен қалада жүргем. «Сіңлілі болдың» деген сүйінші хабарды маған алдымен анам жеткізді. Алып — ұшып ауылға барып Нарегеевтер әулетінде 10 ұлдан кейін дүние есігін ашқан, көп сағындыртып, көп күттірген кішкентай шақалақты қолыма алғаным өмірімдегі ең бақытты сәттерім еді. Бірімізден – біріміз қызғанып, қасынан шықпаймыз. Шілдеханасын жасап, қазақшылыққа салып біраз күн тойлаған соң, әркімнің өз тіршілігі бар дегендей тарастық.


Олар ауылдық жерде тұратын. Ойыншық, сыйлық дегендерді тау – төбе қып беріп жіберіп амандықтарын жиі біліп тұрамыз.


Арада айлар өтті. Бірде келінім маған бөпесінің тым әлсіз екендігін, өзін танымайтынын, сыртқы ортаға әсері жоқ тек үнсіз жата беретінін айтып жылап жіберді. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Дереу баланы көрсем шынында да буындары бос, көз жанары сәулесіз боп көрінді.


Бала бұл уақытта аяғын тік басуы керек қой. Бір жақ көзінде қылилығы байқалады. Сол күннен бастап дәрігерлерге қаралып ауыл – қаланың  арасын жол қыла бастадық. Ауыл қалаға сілтеді, қала  Алматы, Астанаға сілтеді, ақыры соңында диагнозын қойып — Церебралды сал ауруы, (пирамидті формасы) психикалық дамуы тежелген, сөйлеу тілі 2 дәрежелі дамымаған  және дизартрия деген өңіміз түгіл түсіміз естімеген  баланың бойындағы ауру түрін тайға таңба басқандай анықтап берді. Бұл 2005 жылдары болатын. Бәріміздің де көңіліміз су сепкендей. Баланың әкесі бауырымның да қатты қиналып жүргенін көріп «не істеу керек енді» деп ойландым. Көзге көрініп тұрған шындықты ешқайсысымызда мойындағымыз келмейді. «Мүгедек бала», «мүгедек боп туылды» дегенді естігеніміз болмаса басымызға түспегесін ештеңе де білмейді екенбіз. Жұмыс орныма келген соң, барлық басылым, интернет беттерін ақтарып, балалардың церебральды сал ауруы деген не?, оған қалай көмектесуге болады? деген сұрақтарға жауап іздедім. Барлық дәрігерлік ақыл – кеңестердегі көрсетілген массаж түрлерін келініміз екеуміз Мәдинаға жасай бастадық. Әсіресе жаз айларында суға, су жағасындағы құмға аяқ – қолын созып ұзақ ойнататынбыз. Алматыдағы Ақсай сауықтыру орталығы, Ақтөбе оңалту орталығының әлденеше рет емделушісі болдық.


«Қазір жасы кішкентай, бұл ертең қалай оқиды, сауатсыз қалады ау»? деген ой мені  әлі де мазалай берді. Сап – сау қатарластарын көргенде жаным ауырса, бойына біткен кемшілігін көріп жүрегім езілді. Осындай балаларды оқытатын арнайы педагог болатынын, өзіміздің Ақтөбедегі мем.пединститутта дефектология мамандығы бойынша білім алуға болатынын естіп, өзімнің біраз жыл істеген сүйікті жұмысым бола тұра, бір үйді асырап отырған отанасы екенімді сезіне тұра тәуекелге барып 2007 — 2010  жылдар аралығында Ақтөбе МПИ нан дефектолог мамандығын алып шықтым. Себебі бұрын да қолымда медсестралық диплом бар еді.


Маған  бірден мамандығым бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік болмады. Ойыл секілді өндірісі жоқ шалғай аудан мұндай балалардың болашағына  басқатыруға әлі дайын емес еді. Сондықтан бар оқыған – тоқығандарымды Мәдинаға іске асыруыма тура келді. Сөйтіп менің алғашқы оқушым да, алғашқы тәжірибелік  нысанамда  өзімнің кішкентай сіңлім болды. Қатты қағаздан неше түрлі бейнелер салып, сазбалшық илеп, төгіп – шашып кір жуғызып, ағаштарды құрастырып әйгілі Монтессори әдісінің жабайы түрін (яғни ауылдық жерге икемделген түрін)  қолымыздан келгенше жасай бердік, жасай бердік.


5 жарым жасында Мәдина еңбектей бастағанда қатты қуандық, аяқ – қолдары тырбиып өссе де, денесінің сол жақ бөлігінің салдануы тізесін көтеруге мүмкіндік бермейтін. Алып жүруге ауыр, оның үстіне мінезінің қырсықтығы да бар. Еңбектегенде бар салмағы алақанына түсіп ауыратындықтан, жай сәндік үшін кигізіп қойған аяқ киімін екі қолына киіп алатын да ары қарай еңбектей беретін. Бауырын көтеріп тәй – тәй жүргіземіз. Бұрышқа тіреу жасап немесе баспалдақтың бөліктеріне ұстатқызып тұрғызып қоямыз. Салмағын тепе – тең ұстап тұру үшін аяғына әдейі ауыр аяқ киім кигіздіріп қойдым. Талпынған сайын аяқтағы салмақты көтере алмай бала бірнеше әрекетке барады, қозғалады, аунайды, құлайды, ақырында аяғындағысын шешіп тастауға тырысады. Бұл баланың өз бетімен де жасалынып жатқан алғашқы ұмтылыстары еді.


Бір жылдан кейін ол жерге аяғын басып өз бетінше тұруды үйренді. Алдымен тұру, сосын бір аттау, екі аттау. Сөйтіп, менің, басқалар әлдеқашан  «жүрмейді» деп үкім шығарып қойған сіңлім  6 жарым жасында  алғашқы қадамын басты. Төрттағандап жүргенде қолына киіп алатын тәбішкісі өзінің тиісті орнына қарай түсті.


Сөздер де үйренді, Қолына бор ұстатсаң қақпа мен еденнің бәрін шимайлап тастайтынын, әжесімен бірге құрт жасап, жартысын аузына апарып, жартысын жерге төгетінін қазір күле отырып еске аламыз. Білгенге ол да моторикасын дамыту ғой. Не нәрсені де шашып – төгіп, сындырып — бүлдіретін әдетіне үлкен шыдамдылық қажет болғанын мойындаймын.


..Мәдинаның жасы қазір 14 –ке толды. Ауылдағы орта мектепте арнайы бағдарламамен үйден оқытылады. 15 -20 метрге дейін өз бетімен жүре алады.


Мен де 2013 жылы Ойылда тұңғыш рет  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  психологиялық – педагогикалық түзетім кабинеті ашылып соған дефектолог болып жұмысқа кірістім. Осы саладағы еңбек өтілім бар – жоғы  4 -5 жыл болса да, мен бұл мамандыққа әлдеқашан бар жан – тәніммен  беріліп, үлкен дайындықпен келдім деп есептеймін.


Дефектолог болу- салмақты да сауапты мамандық екенін  сіздерге осы бір шағын өмір жолын мысал етіп жеткізгім келді.


Жанар Нарегеева,


                                                       дефектолог


                                                            Ойыл ауданы


                                      Психологиялық – педагогикалық түзетім кабинеті.





Пікір жазу