ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТТЫ ҰҒЫМ
Бейсова Гулмира
Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі- Ұстаз. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез- келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді.
Шын ұстаз – ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім – тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей ақ, олармен сырласа отырып жан дүниесін ұғынуға болады.
«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек.
Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің?!
Белден ассаң, алдыңда бел көрінсе,
Қызыққаннан келмей ме, жүре бергің?!
Сондықтан да келеді біле бергім…
Ұстаз бала алдында өзінің жүріс -тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен яғни барлық жағынан үлгі болуы қажет. Қазіргі жас жеткіншектер мұғалім болудан қашады, яғни үлкен жауапкершіліктен, қиындықтан қашады. Ал қиындықсыз іс болмайды. Сонымен қатар қазіргі заманда жүрегінің қалауынсыз жоғарғы оқу орнын бітіріп кеп, мектепте жұмыс жасап жатқан жас мамандар да баршылық. Олардан қандай маман шықпақ және балаларға қандай білім бермек? Мамандығын жетік білмеген емес, жетік білуге ұмтылмаған, талпынбаған мұғалім нағыз бейшара деуге болады. Әрине, барлық ұстаздарды айтпаймын, ұстаз болуды армандап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қиындықтан қашпай, ауылға барып ұстаздық жолын ауылдан бастаған жас мамандар да баршылық, оларға еңбектерің жансын, бейнеттеріңнің зейнетін көріңіздер, ешқашан уақытпен санаспай еңбек етіңіздер, түбінде сіздерден жақсы маман шығады. Себебі сіздердің алдарыңызда өміріміздің аса бағалы иелері, болашағымыз, еліміздің ертеңі, жас өркендеріміз отыр дегім келеді. Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысайық.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып , тәлім – тәрбие беру , жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта – ықыласты оятады.
Ұстаздық мамандық – мамандықтың ең асылы, ең қасиеттісі. Менің ұстаз мамандығын таңдауыма алғашқы қалам ұстатқан мұғалімім Гүлбаршын Задабекқызы қатты әсер етті. Ол кісі маған бәрінен ақылды , бәрінен сұлу , бәрінен жақсы көрінетін. Кейін мен де сол кісінің жолын қуып , ұстаз мамандығын таңдадым. Музыка пәнінің мұғалімімін. Балалардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін көргенде бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Мен өз мамандығымды сүйемін. Әрбір ашық сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңа сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі , нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын.
Мынау қайнаған заманда жаңа технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Солардың «Жайна – жақсы мұғалім» деген сөзі, кеше ғана «Балабақшамен қоштасудағы» бір баланың «Апай, Ханшайым болып кетіпсіз !…» деген сөздері менің шаршағанымды ұмыттырғандай риза болып қаламын. қызмет етуде. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеудемін.
Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан- жақты жағдай жасалған. Елбасының айырықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтауарқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді.Осының барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. «Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде , күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзінен ұстаз қауымына деген үлкен құрметтеушілікті байқаймыз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек.
Қашықтықтан оқыту кезінде болып жатқан қиындыққа қарамай балаларға өз білімдерін көптеген программаларды қолдану арқылы балаларға сабақ өтіп жатыр. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз дей келе , қазақ халқының көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова апамыздың мына өлең жолдарымен өз ойымды аяқтағым келіп отыр:
«Ұстазсыз жанда сөнбек күн
Шәкіртсіз өмір – сусыз жер
Көрінбес ғажап еңбектің
Бейнетін көріп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
Жанымнан жалын , жігер күт
Ұстазым, сенің әр күнің
Әр сәтің тұрған, бір ерлік»