08.04.2022
  209


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАСЫМДЫ МЕНІҢ ШЕГЕРСЕ

Жасымды менің шегерсе
Сонау албырт жылдарға,
Өзіме тұстас өренше
Өрмелеп шығып шыңдарға,
 Қыз бейнелі аршаның
Басына тағып айдарды,
Биікте дабыл қағар ем,
Болсын деп тауым айбарлы.
Жасымды қайта шегерсе,
Жолдама берсе комсомол,
Жас ойнақтар тең ерсе,
Болса қиын қанша жол,
Жорыққа мен шығар ем,
Жауында, қысқы тұманда.
Ашылсын деп тың әлем,
Гүл өссін деп шығанда..
Өлеңдетіп кетер ем,
Өрімдері таң жаққа.
Өргіп қайта жетер ем,
Тоғызақ пен Шаңдаққа.
Сол бір шағым еске кеп,
Шақырғандай жырақ қыр,
Жортқан бетін кестелеп,
Біз гулеткен трактор.
Өтпеді күн өлеңсіз,
Жұмылған істің – жыр бәрі.
Біздер шымыр өренбіз
Отызыншы жылдағы.
Кеудеміздің лебімен
Жібіттік қарлы ызғарды.
Сірі етікпен тебінген
Мұздақта тез із қалды.
Жейдені кидік матадан,
Білмедік біз нейлонды.
 Елгезек жас атану –
Жалғыз ғана ой болды.
Сүйікті қызға алғашқы
Еріндер әрең тиісті.
Жүректер үнсіз жалғасты,
Билемедік твисті.
Жасымды менің шегерсе,
Басталар солай сыр тағы,
Тегеурінім теңелсе,
Заманның жас ұрпағы, –
Жүйткір едім сендермен,
Шығандарға жарыса,
Құлашы құзға сермелген,
Кездерім қайта дарыса.
Жалыны күшті жас қауым –
Айбыны атом ғасырдың.
Теңізден терең бастауың,
Тасқыны ұлан асырдың.
Ерсем, сірә, шылауға,
Бұрқасаңдар боранша.
Шеру тартып шығанға,
Жас дүбірі таралса...
Бізге шуақ қырқадан
Сайға қарай күн ауды.
Жорықта аяз шырмаған,
Шаштарымыз қыраулы.
Уақыттың асқақ ырқымен
Шарықта, ұрпақ, аспанда!
Сендерге, ұшқыр жырым тең
Болса ғой, бұлттан асқанда.





Пікір жазу