08.04.2022
  91


Автор: Қалижан Бекхожин

СТАЛИНГРАД БАСТАЛДЫ

(Поэмадан үзінді)
... Сол күні ол –
шықты тағы мінбесіне,
Тұншыққан дүниемен тілдесуге.
 Көз салып лапылдаған күллі әлеммен –
Отанның отты басқан күресіне.
Дүние отқа түскен қорғасындай,
Лапылы тұрған еді бір басылмай.
Жұмыр жер өрт ішінде шыжылдады,
Үгітілген ошақтағы қой басындай.
Көзімен жерді түгел көре білген,
Қарады ол –
дүниеге Кремльден:
Өзен боп адам зары ағып жатты,
Бәрі өксіп өткендей боп жүрегінен.
Көзімен дүниені түгел шалып,
Шыққандай шыңдарына оймен шауып,
Қайта өлшеп тұрды көсем жер тағдырын,
Дөңбекшіп от астында жатқан жанып.
Өрмелеп әбжыландай жау еліре,
Барыпты отын шашып ақ Еділге.
Көсемнің көріп көзі сол бір жерді
Қарады майдандағы өреніне.
Көзінің түгел сыйды шарасына,
Бар майдан болған өзен жағасында,
Көрінді – төнген дұшпан өрт уыстап,
Ардақты сол кісінің қаласына.
Сол қала ойдың терең елесінде,
Жарқ етті, өткен күні көп есіне,
Көрінді басқан ізі, өткен жері,
Тар кешу өткелдердің белесінде.
 Салғанда сол қалаға жау шеңгелді
Болғанда қан тепкіден ел шерменді,
Үн салып,
Аттан! – деген дауысымен,
Сол адам келіп еді сұр шинельді.
Келгенде кереметтей Еділ тасып,
Толқыны ернеуінен кеткен асып.
Жер-жексен болып еді Царицынде,
Жатқан жау жанталаста, жағаласып.
Сол кезде ойран болып жау қамалы,
Қуаныш басқан еді тау-даланы,
Сүйікті халқы сонда атап еді,
Атымен Сталиннің сол қаланы.
Атына сол кісінің берілгелі,
Сол қала содан бері Еділдегі.
Толқыннан ту көтеріп даламызға,
Орнатқан секілді еді – ел діңгегі.
Көріп тұр сол қаланы өзі бүгін,
Астында от сүргінің езілуін.
Сәулетті мұнарасы талқан болып,
Орнатқан діңгектердің үзілуін.
Көрікті көп орманы көк тұман боп,
Қан толқын арнасынан атқыған кек.
Жұтынып жеті басты жалмауыздай,
Жау төнген сол қаланы жоқ қылам деп.
Көргенде соны бүгін Кремльден.
Қозғалып қорғасын ой жүрегінен,
 Жөнелді сөз толқындап дүниеге –
От қуат өршіп жатқан ел кегімен.
Сөйледі ол – биік шыңнан мұнарадан,
Сол биік – жер кеудесі қызыл алаң,
Жолдастар! – деді көсем қолын сілтеп,
Басталды, міне, Жеңіс осы арадан.
Әлемге азаттықтың туын алып,
Жөнелді зор дауысы
Тауды жарып,
Атылған зеңбіректен снарядтай
Қадалды оқты сөздер –
жауға барып.
Сол кезде – Ақ Еділдің жағасында,
Айбынды, өзі сүйген қаласында,
Көсемнен әмір күтіп тұрған еді
Алысып оқ пен оттың арасында.
Қалаға қан тырнағын жая тастап,
Әлемге дабыл қақты әулекі – аспақ.
«Аламыз бұл қаланы,
Біз жеңеміз
Бізбенен дүниеде кім таласпақ!».
Осылай даурыққанда жау есалаң,
Үн келді Москвадан –
Көп аңсаған.
Жолдастар!
– Деген дауыс көкті жарып,
Майданның ұшты үстінде қол самсаған.
 Келді сөз көк толқындай қуатты алып,
Келгендей –
Сансыз полк қол аттанып,
Көтерді басын жерден жауынгерлер,
Сол сөздің айбатына қуаттанып.
«Жолдастар,
Алға!.. деген ұлы үнмен
Қозғалып кетті түгел бүгінгі өрен.
Жаудырды жау басына ел қаһарын,
Отындай ғарасаттың дүрілдеген.
Атылып минометтен, зеңбіректен,
От шықты лапылдаған жер мен көктен.
Зор майдан кетті қызып сол қалада,
Тепкіні жұмыр жерді дірілдеткен.
Ол тұрды қарап соған Кремльден
Бар қаһар көрінгендей реңінен.
Жауынгер жалынға ұқсап алға ұмтылды,
Көсемнің қуат алып жүрегінен...»
1944 ж.





Пікір жазу