08.04.2022
  141


Автор: Қалижан Бекхожин

АРМЫСЫҢ, АЛТЫН ПРАГА!

Наздар, Злата, Прага!
Есіңде ме сол шағың?
Түнеріп сансыз мұнараң,
Туар күнді аңсадың.
Асқақтаған шың-құзың,
Айдаһар жаудан жасқанып.
Қалшылдады ұл-қызың,
Жанарынан жас тамып.
Омырылып жас шынар,
Өрт лаулады орманда.
 Асыр салды жат сұмдар,
Ата бесік ордаңда.
Есіңде ме сол бір шақ,
Бұзған ерлер бұғауды?
Найзағай-оқ шатырлап,
Сенен қалай бұлт ауды?
Сонда лаңды тобырмен
Елдестерім айқасты, –
Жер сілкінткен дүбірлеп,
Есалаңдай жау қашты.
Көкжиектен көрдім мен,
Соңғы майдан түтінін.
Ұйықтап қайта сергіген,
Жас арудай бітімің.
Күн астымен біз өткен
Гулеп аққу, қаздар кеп, –
Бізге жұртың ізетпен,
Гүл ұсынды – Наздар! – деп.
Есіңде ме Май айы,
Сәулетіңе сән берген?
Азат күнде аялы,
Халқың жырмен тербелген.
Көрдім сонда көшеңді,
Шаттық күй мен ән билеп,
Біздің солдат көтерді,
Сәбиіңді әлдилеп.
 Азаткер жас жүзінен,
Көрдім ана сүйгенін.
Бұлғаңдаған қызыңмен
Мен де бірге биледім.
Алаңыңды алшаңдап,
Жырым саған арналды, –
Айналаңа гүлді аңсап
Аяп күйген орманды.
Жас қызыңды жырладым,
Өртең белге гүл еккен.
Жігіт сырын тыңдадым,
Шыққан қайғы түнектен.
Тілің басқа десем де,
Үні бір деп ойладым.
Мәз-мереке көшеңде,
Жеңісімді тойладым.
Онда мен десем де,
Үні бір деп ойладым.
Мәз мереке көшеңде,
Жеңісімді тойладым.
Онда мен де жас едім,
Жауынгерлік саптамын.
Сол бір кездің әсерін,
Жүрегімде сақтадым.
Таныс маған сонау шың,
Таныс Ольшан орманы.
 Ақ шашты бұл жолаушың, –
Жас офицер сондағы.
Тағы менен жыр тыңда,
Ағытайын өлеңді.
Алатаудан жұртыңа
Алып келдім сәлемді.
Жүріп келем ой бастап,
Кезген ізбен сондағы.
Сансыз сарай асқақтап,
Көкте кептер самғады.
Көздеріңнен білемін,
Ұрпағыңның өрлігін.
Сондағы жас өренің
Еңбектегі ер бүгін.
Қонып өткен құз басын,
Көрсе қыран қызбай ма?
Билер ем, сол сырласым,
Мен жырлаған қыз қайда?
Жайна сұлу Прага,
Безеле бер алтынға.
Дәуір кілтін бұра да,
Басып алға, жарқылда!





Пікір жазу