07.04.2022
282
МЕКТЕПКЕ БАРДЫ НЕМЕРЕМ
(Ерке, сүйкімді Ерданыма)
Алшаң бастым бүгін мен,
Немеремді жетектеп.
Айнала гүл егілген,
Алдымызда тұр мектеп.
Мектеп – білім бесігің,
Күлімдеші, Ерданым.
Ашам өзім есігін,
Осы еді бір арманым!
Кеудең сонда тербеліп,
Оқумен ойың шалқиды.
Жігеріңе нәр беріп,
Жас жүрегің балқиды.
Мектеп – ұя балаға,
Жылытар ақ пейіліңді.
Мұғалім тең – анаңа,
Жүзі нұрлы, мейірімді.
Ен мектепке гүл алып,
Ерданым, ерке немерем!
Осы бір сәтті қуанып,
Зор бақытқа теңер ем.
Сен мектепке барды деп,
Қуанды қамқор аташың.
Той жасады қос әжең –
Апуля мен Апашың.
Ақылды бол, немерем,
Үмітімді ақта сен.
Бол атаңдай көреген,
Теріс жолмен лақпа сен!
Жебелеп сені алға мен,
Әлі де өрге басайын.
Ен мектепке, немерем,
Есігін өзім ашайын!
1989 ж.