07.04.2022
  520


Автор: Қалижан Бекхожин

МЕКТЕП — КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ

(Ұлыма)
Ояндым естіп бүгін мен,
Өзгеше бір таң шуын.
Алақайлап жүгірген
Кітап ұстап Ерланым.
Алмұрттай ғана жүрегі,
Асыға соқты түнімен.
«Оқуға барам!» дегені,
Жарасып шықты тілінен.
Таңғы таза үмітпен
Кигізді ана киімді,
Анасының көп күткен
Осы еді бір арманы...
Мереке менің үйімде,
Өзгеше бір шақ бүгін –
Басты бір қадам өмірге,
Ерланым — менің шаттығым!
Жөнелдім өзім жетектеп,
Сапарға бұл алғашқы.
Әке — бала күлімдеп,
Үмітіміз жалғасты.
Шалқыған таза сәріден,
Шаттығымды бүгінгі,
Білерсің балам, әлі сен,
Өскенде болып білімді.
 Ашты саған есігін,
Алдыңнан келешектерің.
Оқы, білім — бесігің,
Құтты болсын мектебің.





Пікір жазу