СӘЛЕМДЕМЕ
(Жаңадан құрылған Жезқазған мен Маңғышлақ облыстарының еңбеккерлеріне)
Сәлем, сырлас, Жезқазған кеншілері!
Жаңғырықсын ұлан жер еншіңдегі.
Сүйсінемін айдынды аймағыңа, –
Қойдың қыры,
дән дүзі,
кенші жері.
Жатар жайнап
аяңда алтын, мысың.
Қауырт істе, әрдәйім қарқындысың.
Сүйемін мен кеншіңді ентелеген,
Жер астының асылын қарпу үшін.
Сәлем, –
шопан атаға, қойды баққан,
Ұлытау бөктерінде мыңғып жатқан,
Жаңарқаны жаңартқан егіншіге,
Балқашыңа – балқытып мыс қайнатқан.
Атырабың ұшан дүз алшиған кең.
Көп сырластым кеншімен, қойшылармен.
Мақтанамыз көк тұғыры Байқоңырға,
Косманавтар – аттанған ай сапармен.
Көзіме ыстық сарайдай шахталарың.
Көркін көрдім даңқыңа шақ қаланың,
Кәзір сен, республика отауысың,
Жыршыңмын ғой,
Сол үшін мақтанамын.
Сәлем, саған, Маңғыстау мұнайшысы.
Жарқылдасын оттарың – тудай түсі.
Түбегіңнен бұлақтай мұнау саулап,
Газ алауы шалқысын дулай күші.
Баяғыда ата-ана сыңсып өрген,
Меңіреу бір мекен ең сен түнерген.
Даңқың кетті әлемге, қазір сенің
Сен шұғыласың –
қиырға сәуле берген.
Сәлем, сонау Каспийге, буырқанған,
Маңғыстауды аймалап, нұры тамған.
Менің досым
Әбудің дастанындай,
Балықшыға, ерлігі жыр атанған.
Сәлем жұртқа, жайлаған алау түзді,
Маған ыстық –
жалынды,
жандар ізгі.
Ежелгі ен даладан
түбектегі,
Өрендерің май алып, нәр тамызды.
Маған сырлас, сол түкпір, сол сар қиян,
Төбесінде алаулап күн шаңқиған.
Түйешімен тілдестім құм жазықта,
Кеңестім мен үйлермен кең, шалқиған.
Сәлем досым, жас адай – инженерге,
Көтер асыл өлкеңді, ендеп өрге.
Шевченконың жырындай аңыз қалсын,
Маңғыстауды мақтаған өлеңдерде.