07.04.2022
  214


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕСІМДЕ СОЛ ШАҚ

(Павлодар облысындағы «Қызыл құрама» совхозының еңбеккері, менің комсомол шақтағы досым Шаймен Ысқақовқа арнадым.)
Есімде сонау бір қыс,
досым Шаймен,
Ертістің ықтап ұшқан құсындай мен,
Қалшылдап үскірікке келгенімде,
Мүсіркеп жылыттың мені ыстық шаймен.
Ол кезде жігіт едің сен бір дархан,
Онда жоқ дәмге толы кең дастархан,–
Ботқаңды бөліп бердің бөгде маған,
Көрінді пейілің артық, көп достардан.
Жас едім, білесің ғой сиқым қандай?
Білімге дүмбілез ем, шикі нандай.
Комсомол жұмсап мені, түу шығанға,
Өгізбен жеттім әрең үсіп қалмай.
Есімде –
жарда тұрған күйкі мектеп.
Әбекең сабақ берген күйбелектеп.
Мен-дағы мамырладым, төрт амалмен
Жалғауды жұрнақтарға жамай көктеп.
Жаутаңдап көген көздер отыратын,
Оқу жоқ басты сонша қатыратын.
 Өзегі құлазыған қыршындарды,
Түйір нан –
мүшкіл ойға батыратын.
Есімде ауылдағы сол ауыр шақ,
Аш боран айналаны алды құрсап,
Шайқады
әлсіз «Қызыл құраманы»
Мал жұтап,
қоймалардың түбі қаусап.
Есімде, аяз мені сол шыңдаған,
Белсенді болып мен де ердім саған.
Дән іздеп әр бұрышты түрткіледік, –
Топтасып су мұрындар мен құсаған.
Сол кезде, жетекшісің комсомолға,
Жаспыз ғой, күн шуағын аңсап онда,
Ақсудың мұзы талай күтірледі,
Қырық атқа мініп біздер самғағанда.
Жүрмедік түлкі қуып, ит жүгіртіп,
Болмадық думан тойға елтіп ынтық.
Дән іздеп тұқымдыққа колхоз үшін,
Жүгірдік бай-құлақтың жұртын тінтіп.
Хақым жоқ өткенімді қағып сынар.
Әмірші бәрімізге уақыт шығар.
Не дерміз Тәйкебайдың Арынына, –
Коммунист – бұрылғанды батыл сынар?
Белсенді болмай онда, шіреніп көр, –
Қауырт шақ – дүркініме тізе бүк! – дер.
 Айтшы өзің,
ащы терін төкпеді ме,
«Құрама» топырағына Шүленовтер.
Ойласам, сол күндерден түсер еске –
Қызықпен оқшау үйде өткен кеш-те...
Онда мен ұяңдаумын, қыз отырса,
Әзілді қыздыратын сен емес пе?
Жадымда қалды қатып сол қыс өткен,
Әбігер, лайсаңды мол, суық көктем.
Бригадир едің ғой, көргем сені,
Соқаға мықшырайтып өгіз жеккен.
Жылқының сол кездегі – бәрі тулақ,
Азайып әрең шықты арық-тұрақ.
Мөлиген кемпір-шалдар тұр есімде,
Аспанға қол жайғандай азық сұрап.
Сол шақтан отыз бір жыл өтті бері.
Аршындап жүйрік уақыт шапты ілгері.
Жарысқа түстік біз де, әр белестен,
Жебелеп комсомолдың от жігері.
Жылдар өтті... Кездім көп қыр алабын.
Шарықтап шар тарапты сыр алармын.
Маған ыстық тоғайың, төбелерің,
Бүгінгі сәні «Қызыл құраманың»
Сонырқап оралдым мен, жыл құсындай.
Тербелдім көкірегім жырға симай.
Шайеке, жасарған бұл мекеніңе,
Қуанам, осы ауылдың тумасындай.
 Орнында шым үйлердің мыжырайған,
Қалашық салтанатпен тұр шалқайған.
Баяғы мен мұғалім болған жарда,
Қат-қат үй, зәулім мектеп қанат жайған.
Жайнапты бір кездегі қоңыр шыған.
Қырында қой маңғырып, дән сыңсыған.
Өгізбен соқа тартқан еңісіңде,
Моторлы жастар іске жүр құлшынған.
Ал, досым! Баяғыша жай құлашты.
Суытып, сонау жастық қайда қашты?
Япырау, шашың қара, көзің нұрлы, –
Басымды қалай менің қырау басты?
Разымыз –
ата болдық жас ұрпаққа.
Өмірді сайға қарай бастырсақ та, –
Сағымдай көзімізге елестейді,
Сол дәурен зулап өткен жастық шақта.
Жүр, Шәке,
қоя тұршы, емхананы.
Кетейік асып сонау белден әрі.
Сырыңды шертші маған отыз жылғы, –
Жырлайын жаңғыртып бір кең даланы.





Пікір жазу