07.04.2022
  121


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚОШ АҒАТАЙ ДЕГЕНІҢ

(Мәпішке)
Баянтау Жасыбаймен жарасымды,
Мөлдір ғой ой толғатқан дана-сынды.
Ән салса жағасында,
қуанамын,
Өзіңдей осы таудың қарашығы.
Өзгеше наз әндерім бар қалаулы,
Басымнан әнмен талай арман ауды.
Тағы да серпілейін, шырқа қалқам,
Сызылтып «Баянауыл», «Қарғам-ауды».
Сол әнмен өткен сайран келеді еске.
Сал жігіт бұлаңдаған бір белесте.
Сыртынан ақбоз үйдің қолын бұлғап,
«Қош ағатай!» - деген қыз сен емес пе?
Арнапты албырт ақын қаны қызба, –
«Гауһартас», «Қарғам-ауды» сендей қызға,
Өзіңдей зияпатшыл қарындастар,
Демеген ағалар қия-құзда.
Шырқашы,
Баянтауым жаңғырықсын.
Ақбеттен бұлт сейілсін, жаңбыр ықсын.
 Мейлі ғой,
көзімнен жас тамшыласа,
Жүрегім сусындасын, жан тынықсын.
Ұстазсың көгілдірдей өрендерге,
Даусыңа, ұйып тыңдап,
ерем мен де.
Теңселтіп Жасыбайды шырқа қалқам,
Селк етсін жыр ұқпайтын емендер де.
Қайтемін еменді мен,
арымасқар,
Жырласам, бәйтеректің бәрі қостар.
Сыйлады сұлу Баян нұр сипатын,
Өзіңдей ән сыйлады қарындастар.
Жігіттей, жылқы қуған қырқадағы.
Алдымда бұраңдайды шыршалары.
Иіліп Аршаұлым,
қайыңқызым,
Жырыма туыстарым гүл тағады.
Шырқашы,
тебіренсін Жасыбайым.
Үніңе мен де шалқып қосылайын,
Сақтайын көкейіме «Қарғам-ауды»,
Ақбеттің аспанындай ашылайын.





Пікір жазу