07.04.2022
  116


Автор: Қалижан Бекхожин

ДЕГЕРЕС ДАБЫСЫ

(«Дегерес» совхозының озат шопаны, Социалистік Еңбек Ері, КПСС ХХ сьезінің делегаты Сәмиден Қилыбаевқа)
Тау барлаған бейне бір оқымысты,
Ол шолып тұр маңайын, өкім, сұсты.
Тұлғасында жігіттің қайсарлық бар,
Кеудесінде – жүрек бар оты күшті.
«Қос төбенің» боранды қиясында,
Асау ойлар ұйтқыған қиялында,
Ол жүгірген аптығып, санап, қарап,
Әр саулықтың мұз қатқан тұяғына.
Сонау тұрған «Берік тас» болып қорған,
Қалың қойын апаттан алып қалған.
Бөрі боран, – бүлікшіл жауды жеңіп,
Ол батырдай оралған жорықтардан.
Ол биіктен байқастап тұр даланы,
Алда жайлау – көкмайса ырғалады.
Дегерестің баурайы мыңғырған қой,
Толқын-сынды түрленген қыр алабы.
Тең көрінер оған қыр теңізбенен,
Инженердей өзі бір кен іздеген.
 «Құр өзектің» разы ол изеніне,
Семіздері найқалып егіздеген.
Еміреніп ер жігіт ел ырысын,
Келешектің барлап тұр не бір ісін.
«Алатаудың қойнауы қойға толса,
Құты болып елімнің өмірі үшін».
Қалың қойы еңісте жатыр жусап,
Қиялдады сол шопан ақын құсап.
Көзін тікті ақ таудың асқарына,
Әуелетіп алысқа ақыл жұмсап.
Ашылғандай жарқ етіп шың арасы,
Москваның көрінді күн қаласы.
Делегаттың көзіне елестеді,
Кремльдің алтын бас мұнарасы.
Бүгінгі шақ құлпырған қыр сәнімен,
Өрістетіп отарын таңсәріден, –
«Ұлы жиын, мен қалай үн қосамын»,
Деп толғанып төбеде тұр Сәмиден.
Жылжығандай сол оймен тау ілгері,
Дегерестің серпілді бауыр белі.
Кең өрісті биіктен тұрды болжап,
Партияның қатарлы жауынгері.





Пікір жазу