07.04.2022
  161


Автор: Қалижан Бекхожин

ӘКЕЛЕР МЕН БАЛАЛАР

(Сапар Балтабаевқа )
Иә, солай, әке жүзін көрмедің де,
Жетім қалдың шырылдап жөргегіңде.
Сеземін, ойлап кейде күрсінесің,
Бөленгендей әкенің шер кегіне.
Сапар... деген сыр терең есіміңде,
Сапар, серуен көп шығар осы күнде.
Қайсар әкең жүргенде қан сапарда,
Тудың да сен, зар қақтың бесігіңде.
Нәрестесің, келбеті жоқ есіңде,
Мен куәмін бір ғана елесіне.
Жортып өткен сол ерді көшемізден,
Көрдім тұрып көк үйдің төбесінде.
Дүбіріне елігіп шапқан аттың,
Мен де кейпін жадыма сақтамаппын.
Баламын ғой...
Балтекең кеткен екен,
Қыр соңынан ел тонап жатқан ақтың.
Сол жорықтан жауынгер оралмады,
Қайран әкең қайыспас өр-ау жаны.
 
 Топ бандымен бір өзі кескілесіп,
Қаза тапты, үзілді ер арманы.
Тап намысы кеудесін қандай буған!
Кекшіл басын көтеріп қан жайылған,–
Есіне алған шығар есіл әкең,
Сені бір сәт сүйгенін маңдайыңнан.
Азат жермен қоштасып қиналғанда,
Келтірген шығар сені қиял алға –
«Жетім емес, бостандық жеткіншегі...»
Сол шипа болған шығар қияр жанға...
Өлді солай атқарып уақыт ісін,
Жойылсын деп жерінен ату, қысым.
Құрбан болды азаткер сапында ол,
Өзіңдей мың жетімнің бақыты үшін.
Білемін, бала шерің ауыр еді,
Ол сабаз Октябрьдің жауынгері.
Жаңғыртып Керекудің көшелерін,
Есімі жырымызда дәуірледі.
Әкелер көп жоғалған ізі мәңгі...
Сенің әкең – батыр ғой қызу жанды.
Мақтан, досым,
Гүл өскен белестерде,
Сол әкеңнің жосалы ізі қалды.
Революция солдаты – биік есім,
Әкең даңқы жоғары – иілесің.
Он баланың әкесі, өзің бастық,
Неге кейде әкелеп күйінесің?
 Өзің өткен жоталар тұр есіңде,
Алда қандай сапар бар білесің бе?
Партияның перзенті – бас әкеңше,
Бізге парыз өмірдің күресінде...





Пікір жазу