07.04.2022
  158


Автор: Абдрахман Асылбек

Ерден атай

Ерте, ерте, ертеде емес,
Ел білмейтін өлкеде емес.
Егеменді елімізде,
Жерұйықты жерімізде
Ерден атты ата болды,
Бергені ақ бата болды:
«Айналайын бөбектерім –
Ертеңгі күн еректерім,
Көк тіреген теректерім,
Өздеріңді өбектедім.
Айналайын ұландарым,
Самғап ұшар қырандарым.
Айналайын немерелер –
Кең құшақты керегелер.
Айналайын шөберелер –
Өркен жайып өре берер.
Сендер барда елім де бар,
Жайқатылған жерім де бар.
Сендер барда тілім де бар,
Мұсылмандық дінім де бар.
Сендер барда ұлтым да бар,
Жоғалмайтын жұртым да бар.
Сендер барда әнім де бар,
Салтанат пен сәнім де бар.
Сендер барда арым да бар,
Қазақ деген қаным да бар.
Қазақ болса, намысым бар,
Әлемге аян дабысым бар.
Жаса, жаса соның үшін,
Қазақ деген елің үшін!»
Иә, сондай Ерден атай,
Ақ батасын берген атай.
Жасай берсін Ерден атай,
Ертегі айтып берген атай.
* * *
Бірақ, бірақ, сорға қарай,
Бақ қонбайды қолға оңай.
Бала кетті өз бетімен,
Әлек болып өзге тілмен.
Ана тілін менсінбеді,
Туған жерін жерсінбеді.
Соншалықты желіккені,
Өзгелерге еліктеді.
Өзге елден бақ іздеді,
Алтын сарай, тақ іздеді.
Өзге елде паң болмақшы,
Білім алып, хан болмақшы.
Сөйтіп, сыртқа бала кетті,
Немеремді ала кетті.
Туған елден қашық кетті,
Америка асып кетті.
Қазақ елі ұмыт қалды,
Салт-санасы суып қалды.
Білмек түгіл жеті атасын,
Танымады өз атасын.
Кезі жоқ қой дала кезген,
Асфальт басып, қалада өскен.
Гүл термеген қырға шығып,
Шомылмаған суға түсіп.
Үйде тұрса жылы ванна,
Сыртқа шығып жыны бар ма?
Мал дегенді түсінбеді,
Тек кітаптан мүсіндеді.
Төрт түлікті көре алмады,
Түр-түрімен бөле алмады.
Төлдерін де танымады,
Бірақ, оған налымады.
Қалған соқпақ қиырында
Сезбеді исін қиының да.
Ауыл деген болмады ұғым,
Кім тұрады онда бүгін?
Иттерінің үргені де
Құлағына кірмеді де.
Түтінін де иіскемеді,
Иіскеу тіпті тиіс демеді.
Ата, әже деген сөздер
Секілденді бөтен сөздер.
Ата орнына «дедушка» деп,
Тәте орнына «тетушка» деп,
Әже орнына «бабушка» деп,
Әнге басты «ладушка» деп.
Өз әкесін «папа» деді,
Өзге әкені «батя» деді.
Осындай бір ғажап болды,
Қазақ сөзі мазақ болды.
Сөз ғана емес, күйлері де,
Мың бұралған билері де,
Ибасы мен әдебі де,
Ұлт киімі әдемі де,
Бәрі, бәрі ғайып болды,
Кешпес күнә, айып болды.
Қорқыт күйін тыдамаса,
Махамбет боп жырламаса,
Абай болып толғанбаса,
Шоқан болып ойланбаса,
Ертөстік боп есілмесе,
Жиренше боп көсілмесе,
Алпамыстай ер болмаса,
Қобыландыдай зор болмаса,
Тарғын боп ел қорғамаса,
Ерлерін ел қолдамаса,
Қыз Жібек пен Төлеген боп,
Баян-Көрпеш ерен ер боп,
Қыз жолында тік тұрмаса,
Ғашық жырын ұқтырмаса,
Өсер ме еді бала болып?
Елін сүйген дана болып?
Ерден ата осыны ойлап,
Ойлағанда тосын ойлап,
Тілі шыққан немереге,
Шүлдірлеген шөбереге
Сөйлеу үшін ана тілде,
Қазақ тілі – дара тілде,
Ойлап жарқын ертеңгіні,
Айта берді ертегіні.


 





Пікір жазу