07.04.2022
120
Ауыл тақырыбы
«Көкқасқалар» құлайды шұбап төрден,
Аяңдайды қырманда Мұратберген.
«Туған ауыл» дейтұғын тақырыпта
Шығармадан «екі» алып, құлап келген.
(Е. РАУШАНОВ. Келінтөбе. «Жалын», 1984 ж. 9-бет)
Бара қалсаң ауылға, шұбат берген,
Шұбат берген –
Көңілге шуақ берген.
Қарамайды жасыңа, дәрежеңе,
Алшаң басып шығасың бір-ақ төрден.
Бара қалсаң ауылға, шұбат берген,
Шұбат берген –
Бойыңа қуат берген.
«Туған ауыл» дейтұғын тақырыпты
Мұратберген жаза алмай, «құлап келген».
Бара қалсаң ауылға, ұнап жеңгең,
Қарсы алады күлімдей қырат-белден.
Іні сыйлап, ағалар құрақ ұшып,
Жарасымды жаныңа жыр ап келген.
Бара қалсаң ауылға жырақ жерден,
«Көкқасқалар» құлайды шұбап төрден.
Осыларды көре алмай, қара басып,
Мұратберген сынақтан «құлап келген».