07.04.2022
  151


Автор: Қалижан Бекхожин

ОРМАН ЕДІК...

Тағдыр деген
сұрапылға соғылып,
Теректерім сиреп жатыр сөгіліп.
Орман едік,
өскен бірге қаз-қатар,
Мәуелері шешек атқан төгіліп.
Боз қырауға, шайқалуға көніктік,
Өскен едік кеудемізді керіп тік...
Мүмкін, кәзір,
майысқан да шығармыз,
Шұғыл шақтың жүгін тасып зорықтық.
Тұрғыласым орын тапса қабірден,
Теңселемін,
сөгілгендей қабырғам.
Күрсінемін
шаян шақса досымды,
Біз сұққандай, бауырыма ауырған.
Жүргендейміз қатерлі бір сынақта,
Күйреймін деп,
күңіренбеймін бірақ та.
Тірлік нұрын жұтып қалғым келеді, –
Жүз жыл жанса,
сөнер бір сәт шырақ та...





Пікір жазу