07.04.2022
  263


Автор: Қалижан Бекхожин

БАРАЙЫҚ ҚАЙТА БАЯНҒА

(Сайын Мұратбековке)
Есіңде ме Жасыбай –
Жаутаңдаған жасыл көл.
Тасы гауһар асыл сай,
Көк аршалы асу-бел.
Мөлдіреген осы көл
Көзі ғой ару Баянның.
Алқасында сыры мол,
Еседі соны, баяу үн.
Лебінен ескен алқаптан
Көңілге жібек тоқылар.
Шұлғыр басын жан-жақтан
Сәукелелі шоқылар.
Есіңде, сірә, қалды ма
Өткен сонда думан шақ? –
Ән шырқады алдыңда
Сұлу қыздар бұлғаңдап.
Сен туған шыңдай зор емес,
Баяным қыздай мүсінді.
Қыздарым әсем, аршын төс
Гүлдерін саған ұсынды.
 Жүр, досым, қайта сол көлге,
Келеді жайнап алтын жаз.
Қалқалар шығар серуенге,
Қаңқылдар көлде аққу-қаз.
Сол көлге барсам жиектен
Елестер бір сәулешім.
Табысып ыстық жүрекпен,
Өткіздім көп сыр кешін.
Құлашымды сермеп ем,
Асықтай қызды иіріп.
Тұрмап едім сенше мен,
Қызды көрсем жымиып.
Қызық көп қазір Баянда,
Жоталар гүлін жайған шақ.
Қыздарым сайрап сайларда,
Жүрген шағым сайрандап.
Бізге абырой емес пе,
Көппен қайтсақ кездесіп,
Әңгіме айтып дөңесте,
Қойшылармен кеңесіп.
Жортайық қос тұлпармен,
Тарту еткен біздерге,
Кездесейік солармен,
Жаздай жылы жүздерге.
Баянға мен ұрпақпын,
Атадан қызу қан сіңген,
 Жырлайын жырын бұл шақтың,
Сұлтанмахмұт даусымен.
Көмейінен бұл таудың
Еседі шалқып мың сарын:
Толғауы Бұхар жыраудың,
Әндері Жаяу Мұсаның.
Романыңды ұсын сен,
Оқысын сыршыл жастарым.
Олар оқып сүйсінген
Ілиястың дастанын.
Жүр, жетейік Баянға,
Жасыбайға сүңгиік,
Масайрап жасыл аяда,
Қайтайық сергіп сыр жиып...
1983 ж





Пікір жазу