07.04.2022
  155


Автор: Қалижан Бекхожин

ІЗДЕ МЕНІ

(Қуандық Шаңғытбаевқа)
Ізде мені, көктемде жазық қырдан,
Адырынан ағындап,
Жаңбыр ыққан,
Таң сәріде естірсің өлеңімді
Жылқышының даусымен жаңғырыққан.
Ізде мені, ақ қарлы ала шыңнан
Тас бұлақтан күй шертіп аласұрған.
Мүмкін, мені табарсың өлеңдеткен
Шопандардың мерейлі арасынан.
Ізде мені, сағымды сар белестен,
Шүйдесіне алтынды жалдар өскен.
Кешкі шақта естірсің лебізімді
Егіндіктің үстінен самал ескен.
Ізде мені өршіген өзендерден,
Шағаладай ұл мен қыз жүзіп өрген,
Жыр тоқимын наз үннен,
мәз күлкіден,
Жадыратып жаныма сезім берген.
 Сары күзде аралап асыл қырды,
Асығамын қырманға асыр шулы.
Дихан баба өзім боп сабан тойда,
Шашам жұртқа күлшелі шашуымды.
Бозша бұлттар,
Қойлардай қырдан өрген,
Көкте жүзсе,
Қоштасып құба белмен,
Күнгей жаққа шұбаған тырналармен.
Ізде қыста, асқардың ар жағынан,
Бәйтеректің қасынан, қар жамылған.
Боз қыраулы басымды көкке созып,
Қыран даусын тыңдаймын тауларымнан.
Ізде мені, құздардан, кең даладан,
Қуандық-ау!
Іздей бер жерден, көктен,
Мені тек іздей көрме емханадан.





Пікір жазу