07.04.2022
  563


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨНЕРДІҢ БАҒЫНДАҒЫ РОЗА – ГҮЛІМ


(Атақты әнші, СССР халық әртісі Роза Бағлановаға)
Кей шақта жабырқап бір қалса жаным,
Іздеймін жүрегіме таң самалын.
Сол бір сәт есе қалса сенің үнің,
Сергимін табылғандай аңсағаным.
Лебізің – бал көмейдің нәрі сынды,
Тамылжыр кеуделерге, жаны сырлы.
 Шадыман әнмен шалқып бөбек даусың,
Төгілер кейде ғашық зары сынды.
Сызылып сол үніңмен назданасың,
Жорғадай құйқылжытып саздың нәшін.
Кенеліп тыңдағандар тербеледі,
Кәусар су балқытқандай жаз даласын.
Есімде – Москвада, Сарайда кең,
Сипатың алтын түсті арайға тең.
Жас ару – әуеніңе тамсандырып,
Алдында алуан жұрттың масайрап ең.
Жайнадың әннің биік туы сынды,
Әлпештеп туыстарың гүл ұсынды,
Нұр жұттым сенің күміс таңдайыңнан,
Дем көріп сенің дархан тынысыңды.
Ұнасқан өнеріңе бұлғын мүсін,
Өзің де бала құстай бүлдіршінсің.
Шартарап таңырқады, естігенде
Қазақтың сұңқылдаған бұлбұл құсын.
Қағып сен ән қанатын гүлстанда,
Лебіңмен мерей бердің туыстарға.
Сайрадың Европаның өрлерінде,
Үніңмен гүл сыйладың Үндістанға.
Өнердің бағындағы Роза-гүлім,
Тебіренем жұпарымен наз әніңнің.
Қалқашым, сандуғаштай сайрай берші,
Таратып дүниеге қазақ үнін!
1982 ж.





Пікір жазу