ІЗГІ ДОС
Ізгі дос таппай өтті асыл Абай,
Жүргендер көп те шығар қасымда жай.
«Мұңдасарға адам жоқ сөз ұғарлық»,
Дегені – шыққан шер ғой көз жасындай.
Досы жоқтың – сәуле жоқ көңілінде.
Азап қой қапалыққа көндігу де.
Қатын-бала шуынан мезі болып,
Тірлік пе күйбеңдеудің күнде үйіңде?
Дос керек – қамықсаң да, қуансаң да,
Даралық – жүрегіме тұман салма!
Шүкірана! Достарым көп мүсіркейтін,
Солармен сырласам да, мұңдасам да.
Барамын Одағыма соларды іздеп.
Бір тайпа қауымбыз ғой, қазір біз көп.
«Қаламгер» аясында отырамыз
Сұхбатпен сыр ағытып, лебіз гулеп.
Біздерді шенемеңдер гулейді – деп.
Шалы да өз шамасын білмейді – деп.
Біз әкім емеспіз ғой шіренетін,
Солар ғой сыр ашпайтын, күлмейтін тек.
Ішкеннің бәрі есуас емес шығар.
Сіміргіш делқұлыға әділ сын бер.
Он ауыз өлең жаз да, әр күн бауырым,
Сусында, бірақ оған болма құмар.
Отырсам зерделі жас топпен бірге,
Ойыммен ораламын өткен күнге.
Сарайы көңілімнің кең ашылып,
Елестер өткен сонау көктемім де.
Ериді еміренген сөзге жаным.
Теректей жел тербеткен қозғаламын.
Оқыса жас ақын бір жақсы жырын,
Алғандай болам жүлде, мәз боламын.
Сұхбаты інілердің думан тіпті,
Сілкимін жүрегіме тұнған жүкті.
Кетсем де түсте кейіп, кеште бірақ,
Сағынам Берқайыр мен Қуандықты.
Ізгі ғой, іні тұрса – тарланым – деп,
Бақтағы теректеймін талдары көп.
Сексенде селкілдеген шал болсам да,
Бір жүрсем інілермен арманым жоқ.