07.04.2022
  283


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚЫН АУЫЛЫНДАҒЫ ОЙ

(Абдолла Жұмағалиевті еске алу)
Көргенім ғой алғашқы,
Жүзің нарттай, Жосалы.
Қандай ойлар жалғасты,
Көңлім неге босады?
Мұнда неге тербелдім,
Алыста ғой Тәттімбет?
Сені соған тең көрдім,
Қиырдан бір таптым кеп.
Адырың бар бояулы,
Қырың егін, кең алап.
Еске түсіп аяулым,
Кетті жасым домалап.
Өксігімді қозғадың,
Бар ма сондай дос әлі?
Сенің ақын боздағың,
Сол бір досым, Жосалы.
 Білер оны, Былқылдақ,
Желі сипап шашынан,
Гүл желпінсе, жыр таңдап,
Жүгіретін жас ұлан.
Есіңде ме бөбегің?
Өмірінің кілтісің.
Сағынып мен келемін,
Сақтадың ба күлкісін?
Ойнақтап бір көлеңке,
Адырыңнан асады, –
Ойнап жүр ме сол ерке,
Ізі қайсы, Жосалы?
Көзінде бір балаңның,
Таныс бір шоқ жанады, –
Жанды ма деп қаламын,
Абдолланың жанары.
Елеңдеді дос көңлім,
Бесік жырын көргенде.
Ұлыңмен бірге өскенмін,
Албырт шақта, өр кеуде.
Жүрегінде бар жалын,
Жыры бейне кең дала.
Оның сырлы арманын,
Сақтап қалған мен ғана.
Айрылысарда толғаған,
Есімде сол дос әні.
 Сен жайында ол маған,
Шерткен сырын,
Жосалы.
Баурайыңда балауса,
Гүл секілді жас ұлан.
Өртке түсті қалайша,
От алды ма жасыннан?
Шаттық күтті әлемнен,
Жас бұлбұлдың назды үні.
Жайнатам деп өлеңмен,
Күтіп еді жазыңды.
Гүлдесін деп дүние,
Отқа қиды өз бағын.
Оралмады үйіне,
Қайран жыршы, боздағың!
Жарқын жылдар зырлады,
Жарақаттар жазылды.
Жүрегімде сыр-назы,
Қалды бірақ жазулы.
Оның жырын бауырына,
Жан түбінде сақтадым.
Жаңғыртсын деп аулында,
Дулы қызық шақтарын.
Ақыныңның жыр-гүлін,
Алып келдім, Жосалы.
Ұлдарыңның кім бүгін,
Үнін соған қосады?
 Аулыңда той, жұртың шат,
Оралғандай ардағың.
Оралғандай жастық шақ,
Көктегендей арманым.
Жырлайын мен ол үшін,
Есімде сол дос әні.
Менің жаңа өрісім,
Қосыл сен де, Жосалы!





Пікір жазу