07.04.2022
  313


Автор: Қалижан Бекхожин

САЙФИ АҒАҒА

(Башқұрттың мәшһүр ақыны Сайфи Құдашқа)
СайфиФаттахұлы Құдашев–башқұрт халқының атақты
ақыны, башқұрт совет әдебиетінің негізін салушылардың
бірі, Сайфи жырлары ұлы Октябрь революциясының
алдында азаттық ұранмен, қанаушыларға қарсы ашулы
дауыспен тебірене үн қатқан еді. Совет дәуірінде үлкен
шайырдың шығармашылық өнері мейлінше өрши түсті.
Социалистік қоғам құрылысына зор дауыспен үн қосқан
азамат ақын халықтар достығында терең тебіреніспен
жырлады.
Сайфи Құдаш – қазақ халқының, қазақ әдебиетінің
ғазиз досы. Уфадағы медресі «Ғалияда» – Бейімбет
Майлинмен, Жиенғали Тілепбергенов сынды қазақ
жазушыларымен дәрістес болған. Сайфи ертеректе қазақ
ауылдарында мұғалім болып, қазақ жастарының сауатын
ашуға ізгі ұстаздық жасады. Сайфи өзінің естелігінде
қазақтың әйгілі ақын-жазушылары С.Сейфуллин,
Б.Майлин, С.Мұқанов жайында туыстық ниетпен қызықты
әңгімелер шертеді. Бұл тақырыптағы «Ұмытылмайтын
сәттер» атты кітабы қазақ тіліне аударылды. (Қалижан
Бекхожин)
Сайфи ағай!
Біздің қырда
Сенің қалған көп ізің
Сонау Тобыл суынан барлап,
Жүздің сен мынау,
 Қапшағайдың теңізін.
Бұрын мұңын,
Қазір шаттығын шерткен
Домбыра мен қобызың.
Сенің лебізіңнен
Мен сеземін.
Кеудең жалындап тұрған
Достық өзегін.
Мақтануға хақың бар,
Жасында уызын жұтқан
Қазақ елі – өз елің!
Дала лебін,
Қымыз иісін,
Жігіт даусын сезінем
Сенің ғибрат жауһар сөзіңнен!
Ұстаз аға!
Мен де саған шәкіртпін
Дәрісіңді тыңдаған.
Сыр-сипатыңнан
Ізгілік толқып тұр маған.
Болды-ау кезің түлектерің
Аулымның ақсақалын сыйлап,
Қыздарына
Жасырын сырмен ымдаған.
Бауырымыз башқұрттың
Бәйтерегісің жырдағы!
Қасында гулеп тұр поэзия гүл бағы.
Көрдім кеше менің аулымда,
Сенің даусыңды
Жас ұрпағым
Қошеметпен тыңдады.
Кеше Қапшағайда көздеріңнен аңдадым:
Кемемен жүзіп,
 Ұшан-теңізіменен барладың:
Даламыздың көп толқыны,
Халқымыздың
Шалқып жатқан арманы,
Қарадың сен ізетпен
Алатауға ақ қарлы
Жамбыл мұнда
Жыр гауһарын ақтарды.
Тауымыздан,
Аулымыздан
Мейірлі жандарымызға
Сенің жүрегіңде
Мәңгі достық сақталды!





Пікір жазу