07.04.2022
  185


Автор: Қалижан Бекхожин

МАЯКОВСКИЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Әйдә, Маяковский,
Зымыра күнгей жаққа.
В.Маяковский
Маяковский!
Жүр бірге
Біздің жаққа,
Жылдам атта,
Тез бас та,
Шалқиық бір
аңсап
Поэзия көлінде.
Шалқулар көп көңілде.
Жаңа дала,
Өзің қара,
Ой таста,
Отты жырмен
Жар сап
Жаңалыққа, кел үнде!
Мраморлы денеңмен
Ұмтыл алға,
Шыңға бар да,
Дауыста:
«Бар дауыспен менше
Жаңғырт жерді өлеңмен!»
Дауысыңа еріп мен:
Бірақ әлі
Жырдың бәрі
алысқа
 Ұша алмай жүр,
сенше
Толқытып сөз тереңнен.
Сына бізді, сен көр де:
Сөзбен нәзік
Жүрсек жазып өлеңді,
Ақынсынып,
Сән ғып,
Гүл тағуға серуенге.
Сондайға жол бермеуге,
Біздің жаққа
Жылдам атта,
Кел енді.
Қосылайық,
Таң ғып
Құлашты кең сермеуге!
Кеттік біздің ауылға!
Дала ғажап!
Өзің қарап
Біл бәрін.
Қызықтар көп,
Кел, көр,
Менің Алатауымда,
Сені сүйген қауымға.
Күшпен өрен
Күркіреген
Жырларың
Жаусын нұр боп,
Жел бер,
Өлеңімде дауылда!





Пікір жазу