ҚАЙРАН, ТӘКЕҢ!
(Ардагер ақын ағамыз Тайыр Жароков
еске түскенде)
Ұйқысыз түнде кейде,
ойға кетем.
Жастық шақ сапарында
сайран етем.
Сол сәтте жарқ етеді
ой көзіме,
Жайраңдап жарқын жүзбен
қайран Тәкең.
Сұрайды әдетінше
жай-күйімді.
Оқы, – деп уақытыңа
сай жырыңды.
Сен менен жасырмашы,
айтшы маған,
Мұқалған мұнша неге
жан сырыңды?
«Сен неге менен ерте
қартаясың?
Барма әлі топастармен
тай-таласың?
Өрши бер өлеңіңмен,
солардан сен.
Өшіңді өр жырыңмен
қайтарасың.
«Айттым ғой,
есерлермен егеспе деп.
Сыр айтып, өсекшімен
кеңеспе деп».
Қарама артыңдағы
ала көзге,
Ұмтыл тез ағаң шыққан
белеске тек.
Қалайша қартайдың сен,
қайсар едің?
Бөгет боп тау тұрса да
шайқар едің,
Әлі де қайратыңды
қайрай бер деп
Ақыл ғып, ақын інім,
айтар едім.
Артымда жүр ғой
менің ұл мен қызым,
Сағындым солардың мен
көрмей жүзін.
Сыйла сен Мүнираны
асыл жеңгең
Алдыңа тартқан талай
дәм мен тұзын.
Ақындық жиындардан
қалдым тыста,
Жиында өзіңді сен,
еркін ұста.
Өр ағаң көзін жұмған
қапылыста.
Жарайды, кетірмейін,
мазаңды мен.
Өлсем де қабірімде
жазам өлең.
Өрлей бер өлеңіңді дүбірлетіп,
Ерте тұр,
оятамын азанда мен.
Селк етіп
ояндым мен,
күбір келіп,
Оқыдым Тәкең жырын
күңіреніп.
Жебейін жырларыңды,
қайран, Тәке,
Медет бер өзің маған,
серпін бер!
1988 ж.