06.04.2022
  393


Автор: Дұға оқу

Көлік жүргізушісі мен жолаушы оқуы тиіс дұғалар


Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) көлік тізгінін ұстаушылар мен жолаушыларға ортақ сүннет амалдар мен дұғаларды үмметіне өсиет еткен. 




Дәретпен жүру:


Таңертең үйден жұмысқа, сабаққа немесе сапарға шығарда жақсылап дәрет алып шығу күніңіздің берекелі өтуіне, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі болуына септігін тигізеді.


Бұдан бөлек хадисте баяндалғандай «дәретті адамның күйі ораза ұстаушы секілді болады». «Аятул-Курсиді» оқу. «Бақара» сүресінің 255-аятын, яғни, «Аятул-Курсиді» оқыған адам үйіне қайтқанша түрлі жамандықтардан, пәле-жаладан аман болады. Бұл туралы хадисте «Аятул-Курсиді оқыған адамға 70 періште үйіне қайтқанша дұға тілеп, истиғфар (Алладан кешірім сұрайды) айтады» делінген.


Үйден шығарда дұға жасау:


Имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үйінен шығарда «Бисмилләһи тәуәккәлту ъалаллаһи, Ләә хәулә уәлә қууәтә илла билләһ» деген адам қауіп-қатерден сақталады, шайтан одан алыстайды» деген. Сондай-ақ, сапарға шығатын ниеті бар болса екі бас намазын және «Құрайыш» сүресін қосымша оқыса ол адам да үйіне қайтып оралғанша Алланың қорғауында болады.


Апаттан қорғану дұғасын оқу:


Көлікке мінерден алдын 3 рет жүргізуші де, жолаушы да мына дұғаны оқыса, ол адамды Алла Тағала көз тию мен түрлі апаттан қорғайды: «Бисмиллаһилләзи лә йадурру ма’асмиһи шәйун фил арди уә лә фиссәма-и уә һуәссәми’ул алим».


Көлікке «биссмилләһ» деп міну:


Пайғамбарымыз (с.а.у.) құлшылық-ғибадат, жақсы амалдардан бөлек, кейбір дүниелік істерді де «биссмилләһ» деп бастауды өсиет еткен. Ендеше, көлікке оң аяқпен, «Биссмилләһи, уә әлхәмдулилләһ» (Алланың атымен бастаймын, барлық мақтау тек бір Аллаға ғана тән) деп дұға жасағаны абзал.


Құран аяттарын оқу:


Табарани жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.у.): «Кемеге мінгенде Бисмилләһпен «Һуд» сүресінің 41-аятын оқыған адам суға батудан амандықта болады» десе, Имам Куртуби риуаят еткен хадисте «Зүмәр» сүресінің 67-аятын оқыған адамның суға батудан қорғалатыны білдірілген.






Пікір жазу