Бақалар патшалығы
(Ертегі)
Немересіне еркелі,
Атасы айтты ертегі:
Жіберсе патша қателік,
Не болар елдің ертеңі?
Ертеде, ерте заманда,
Мұсылман діні аманда,
Парықты патша болыпты
Жануарлар мен бар аңға.
Аң-құстар бірдей болған ба:
Қырандар шыңға қонғанда,
Қасқырлар қырда жортыпты,
Аюлар кіріп орманға.
Балықтар суда жүзгенмен,
Жүруді жерде білмеген.
Төбеттер тынбай үргенмен,
Теңізде өмір сүрмеген.
Суынан шықса балықтар,
Қара жер оған тамұқ дәл.
Тұншыққан суда табанда,
Қырандар көкте қалықтар...
Тұрады, мейлі жатады,
Патшамыз ойға батады.
Суда да, жерде жүретін
Кім бар деп басы қатады.
Сол кезде Түлкі келеді,
Былай деп кеңес береді:
«Қос мекенді жануар,
Сірә да Сізге керегі.
Мақұлық бар бір Құрбақа,
Керемет өзі бұл Бақа:
Сүреді өмір суда да,
Жүреді еркін қырда да».
Мынауың теріс демеді,
Іздегені де сол еді.
Тапқаннан кейін керегін,
Патшаға бір ой келеді:
«Ғажайып бір іс қылайын,
Бақалық патша құрайын.
Билікті беріп соларға,
Бақылап-байқап тұрайын.
Қаздырып түбін тереңдеп,
Жасайын әуіз шегендеп.
Бақаның барлық мықтысын
Салайын соған көгендеп.
Шықпасын шашау тегінде,
Шашайын молдап жемін де.
Тыныштық пенен береке
Орнар ма екен елімде?
Бөліп те беріп міндетін,
Тұрайын қарап күнбе-күн.
Орынын ауыстырайын,
Жаңылар болса кімде-кім».
Патшамыз солай етті де,
Тексіз бе, әлде текті ме?
Ерекше көңіл бөлінді
Айлакер менен ептіге:
Бір Бақа билеп қойларды,
Сойылып марқа, тойланды.
Бір Бақа билеп маралды,
Биледі бірі жайранды.
Бір Бақа билеп қасқырды,
Есірте бермей, басқа ұрды.
Бір Бақа билеп жылқыны,
Үйірін құртып, тас қылды.
Бір Бақа билеп құстарды,
Доғарды биік ұшқанды.
Бір Бақа билеп маймылды,
Оның да қолы қысқарды.
Бір Бақа билеп тышқанды,
Қамбадан олар тыс қалды.
Бір Бақа билеп тазы итті,
Аңшылық үшін ұсталды...
Солай да солай барлығы,
Білінбей әуіз тарлығы,
Бақалар судан шықпай-ақ,
Жүріп те жатты жарлығы.
Керемет болса тұрағы,
Әуізден неге шығады?
Бақалар еркін семіріп
Жатқанын жақсы ұғады.
Мұндағы тірлік ғаламат,
Қайтеді елді аралап?
Әуіздің кемер шеңберін
Жүзеді тынбай жағалап.
Не ішім, жеймін демейді,
Биліктер бейпіл кеңейді.
Қылғыта берді бәрін де,
Арандай ашып көмейді.
Болған соң мықты тіреуі,
Емес қой мүмкін жүдеуі.
Ауыстыра салды орынын,
Жаңыла қалса біреуі.
Әуізден қайда барады?
Басқаша жоқ қой амалы.
Баяғы сол бір шеңбердің
Ішінде қайта қалады.
Олардан өнген бала да
Өнеге артық ала ма?
Көргені болса тар әуіз,
Қиянға көзін сала ма?
Айнала орап тапшылық,
Аңырды аңдар аштығып.
Патшалығынан Бақаның
Көрмеді ешкім жақсылық.
Бұрқасын борап көктемді,
Қиямет күндер жеткен-ді.
Бақалар патшалығы да
Осылай тозып кеткен-ді...
Немере ұйып қалыпты,
Қызыға құлақ салыпты.
Атасы ақтап халықты,
Аталы сөзін танытты:
«Сөйлемен сөзді мен тегін,
Ұқтың ба, ерке тентегім?
Ойлар бол елдің ертеңін,
Осымен бітті ертегім».