Курорттан келген хаттар
1. Әйелінің хаты
Айналайын күйеуім,
Қорғанышым, сүйеуім.
Алаң болмай жүре бер,
Тек өзіңді сүйемін.
Тойып торы сыраға,
Еске аларсың, сірә да.
Жаман емес жағдайым,
Сыры-қырын сұрама.
Шыбын жанға дем беріп,
Жатырмыз-ау емделіп.
Рапа* мен тампоннан*
Шығып жүрміз теңселіп.
Рапасы рапа-ақ,
Түскен кезде рахат.
Тер боп ағып кетеді,
Кезіксе де мың апат.
Керек қылған күтімді,
Тампоны бір ұтымды:
Қара батпақ қуырып,
Кептіреді бұтыңды.
Құтыртып бір есірік,
Жата алмаймыз көсіліп.
Өліп кете жаздаймыз,
Еркек көрсек тесіліп.
Шыным осы, сынама,
Түсінбессің сірә да.
Қайсы бірін айтайын,
Бұдан әрі сұрама.
Жүр екен деп қашықта,
Жігеріңді жасытпа.
Әйтеуір бір барармын,
Алаңдама, асықпа.
2. Күйеуінің хаты
Артық туған сымбаттым,
Асылым да, қымбаттым.
Курорт іздеп кетуің
Шымбайыма шын батты.
Жөндеп ішпей асымды,
Аяқ-табақ шашылды.
Өзіңді іздеп балалар,
Берекемді қашырды.
Кіріп-шығып күлменен,
Үсті-басым кірлеген.
Бұдан бұрын қалайша
Қадіріңді білмегем?
Ақша салдым азырақ,
Қайтшы, қалқам, қазір-ақ.
Төсектің де сиқы жоқ,
Суып кетті азынап.
3. Келесі жылы күйеуі курорттан жазады
Айналайын, сәулешім,
Көрдім курорт әуресін.
Жүрмін жиі қабылдап
Ваннасы мен сәулесін.
Әзіл түгіл бас қайғы,
Тұз көзіңді ашпайды.
Алпыс екі тамырды
Түгел сорып тастайды.
Барғаннан соң мазалап,
Жүрме орынсыз жазалап.
Жақсы емес-ау жағдайым,
Секілдімін қазан ат.
Қадалғанмен көп ару,
Бойда күш жоқ, не қару.
Жалғыз ғана тілегім –
Үйге жетіп демалу.
4. Әйелінің хаты
Айналайын күйеуім,
Қорғанышым, сүйеуім.
Алаң болмай жүре бер,
Тек өзіңді сүйемін.
Балаларың дін аман,
Тиіседі кім оған?
Алаң болмай жүре бер,
Әйелің сау күнәдан.
Болғанымен байым жоқ,
Аштан өлер жайым жоқ.
Қайырымды қайнылар
Шәйім боп тұр, майым боп.
Емделген соң, дін айық,
Оралған жөн тыңайып.
Келіп тұрсаң кіржиіп,
Ер жігітке шын айып.
5. Бала көтермеген әйелдің әңгімесі
Буынып та түйініп,
Тағдырыма күйініп,
Бала тілеп, бақ тілеп,
Келіп жүрмін қиылып.
Қабаттасып күдіктер,
Үзілмейді үміттер.
Батпаққа орап беліңнен,
Жалақтайды жігіттер.
Сылап-сипап тәніңді,
Кіргізеді жаныңды.
Массаждан соң жатасың,
Әрең жиып әліңді...
Кеші қызық күйменен,
Қыз, жігіттер билеген.
Табан асты танысып,
Бірін-бірі сүйреген...
Әулиеге түнедім,
Тәуіптен де тіледім.
Көптен бері, қайтейін,
Құрсақ көрмей жүдедім.
Батпақ, бірақ, бай емес,
Әулие де жай елес.
Бала іздеген бейбаққа
Құрғақ қиял сай емес.
Үзілмесе үміттер,
Сейіледі күдіктер.
Бізге бала беретін
Белі бүтін жігіттер.
Бақытыма келіппін,
Жан дертімді жеңіппін.
Тілек қабыл болды ма?
Әйтеуір мен жерікпін...
6. Емделуге емес, ел көруге келген жігіттің әңгімесі
Курортты алғаш кеп көрдім,
Біраз күнді өткердім.
Көрмесіндей көңілді
Қыз бен келіншетердің.
Әркім әр жақ мүйістен,
Осы жерде түйіскен.
Аз күн бірге болса да,
Тез арада-ақ сүйіскен.
Мен де қарап қалмадым,
Бір сұлуды таңдадым.
Мәжнүн болып алдында,
Ақтарылды арманым.
Сәлемдесіп сүйіне,
Көнген еді-ақ иіле,
Ері келіп бір күні,
Ертіп кетті үйіне.
Сындырмадым сағымды,
Тағы бірі табылды.
Ол өзінің күйеуін,
Мен ұмыттым жарымды.
Желіп өткен бір апта
Жеткізер ме мұратқа?
Онымен де ғұмырым
Қысқа болды, бірақ та.
Турасы осы, туысқан,
Ұрыспассың ұғыссаң.
Ол оралып Оралға,
Мен шықтым тек Шығыстан.