Маскүнемнің монологы
Бұл өмірдің тылсым күші – ішімдік,
Біздер оны өзімізше түсіндік.
Бір қуаныш бола қалса, той жасап,
Дос-жаранға ішімдікті ұсындық.
Ішімдікпен көңілдерді көтердік,
Көтердік те, тұла бойға от өрдік.
Арты оның есерлікке айналды,
Істер жасап хайуаннан да бетерлік.
Есімізді келер күні жинадық,
Жинағанмен, басты шағып қинадық.
Жүз граммен шақша басты жазғанша,
Аласұрып, қара жерге симадық.
Қол дірілдеп, қалт-құлт етіп, қашты өң,
Күнде солай жүрсем-дағы аш кілең,
Ертеменен жазамын деп басты өң,
Ақырында болып кеттім маскүнем.
Ең алдымен айырылдым санадан,
Содан кейін қатын менен баладан.
Сырт айналды туыстар да, достар да,
Мені бір кез жақыным деп санаған.
Міне, менің мүсәпір боп жүрісім,
Күннен-күнге тарылуда тынысым.
Жеркенішті ит тіршілік құрысын,
Өмір сүрем, өмір сүрем кім үшін?
Іштім бірде шақырам деп шабытты,
Табанасты боламын деп бақытты.
Ақырында тұманданып көздерім,
Құшақтадым қара жер мен табытты.