Ғиззатқа
(Достық әзіл ретінде)
Сом тұлғалы ер жігітке қарашы,
Жоқ ешкіммен ерегісі, таласы.
Ән мен күйді аялаумен келеді,
Соған ғана берілген ой-санасы.
Жырлайтыны – жастық дәурен, махаббат,
Арулардың қиыла көз қарасы.
Жарқын жанды Ғизекеңе қарашы,
Елу беске келіп қапты-ау шамасы.
Тап сол жасты бере алмайды арулар,
Сарғаймаған сақал-мұрттың қарасы.
Жайраңдайды жиырмадағы жігіттей,
Толағайдай тау көтерер шамасы.
Нәзік жаны еріп кетіп қыз десе,
Жазылмайды жүретегі жарасы...
Тынымсыз жан Ғизекеңе қарашы,
Талантына тіпті қайран қаласың:
Туған жер де, думанды ел де жырланған,
Сан алуан әндерінің саласы.
Атамекен тау толқынды Каспидің
Болса-дағы бақыт құшқан жағасы,
Күнделікті даңғылына айналған
Алматы мен Атыраудың арасы.
Бекіре мен уылдырық бар ма деп,
Келген сайын бір дәметіп қаласың.
Атырауда өзі ғана тоя жеп,
Алматыға көрсетпейді-ау қарасын.
Тап осындай сараңдығы болмаса,
Басқа мінді одан қалай табасың?
Бірақ, тағы Ғизекеңнің тілегін
Орындауға бар күшіңді саласың.
Анығында, балығың да түк емес,
Ән мен күй ғой көңілдегі жарасым.
Әуенімен қуандырып халықты,
Абыройы алты алашқа тарасын.
Жүзге дейін жасай берсін Ғизекең,
Әсем әнмен әр белестен әрі асып.