05.04.2022
  191


Автор: Абдрахман Асылбек

Жебірлер

Ауызы тыным таппаса,
Арты да тыным таппайды.
Ертеңін ойлап жатпаса,
Ондайды кімдер жақтайды?
Таң атып, күні батса да,
Алдына асты үйеді.
Жұмылып көзі жатса да,
Қимылдай берер иегі.
Ұиқыға шала батса да,
Түсінде ас деп қалтырар.
Ағарып таңы атса да,
Алдында тағы дәм тұрар.
Күн өткен сайын қарыны
Қампия берер қарасаң.
Тамаққа аран-арыны
Ұлғая берер орасан.
Күн өткен сайын ырсылдап,
Қиындай түсер жүрісі.
Қабақтай қарны тырсылдап,
Тарыла түсер тынысы.
Ойлаумен жалғыз ас қамын,
Тыс қалар қатын, бала да.
Ішу мен жеуден басқаның
Бәрі де қалар далада.
«Іше де берсем, жей берсем», –
Жалғыз-ақ аңсар арманы.
«Бере бер маған дей берсем»,
Қанағат емес қалғаны.
Адамға ұқсар беті жоқ,
Тәбетін тыйып тоқталар.
Бір түйір адал еті жоқ,
Қарыны толған боқ болар.
Құлқыны құрып тұрады:
«Жей берсем, тағы жей берсем!».
Өмірлік ұстар ұраны:
«Бере бер маған дей берсем!».
Ол да бір хайуан анайы,
Сахара сағым санасы.
Патшалық алтын сарайы –
Жалыз-ақ әжетханасы.
Кіреді соған, шығады,
Тірлігі осы күнделік.
Сөнеді сонда «шырағы»,
Қиымен сасық бірге өліп.


 





Пікір жазу