05.04.2022
  121


Автор: Абдрахман Асылбек

Қонақүй хикаясы

Бойдағы танып дарынды,
Ұнатып айтқан әнімді,
Астанадағы достарым
Білдіріп көңіл қоштарын,
Мені теледидарға шақыртыпты,
Бұлары ақыл тіпті.
Домбырамды көтеріп,
Маңғаздана жөтеліп,
Алматыға жетіп келдім,
Үлкен үміт етіп келдім.
Жатпақ едім бір апта,
Жетпек едім мұратқа,
Қонақүйде бірақ та,
Түсіндім басқа күйді,
Басым тасқа тиді.
Әкім әйел орын бермеді,
Орын түгіл көңіл бөлмеді.
Жөнімді айтып жалындым,
Пысқырып та қарамады.
Екі-үш сағат сарылдым,
Жанымды жаралады.
Ақыры амал іздедім,
Көмектесетін адам іздедім,
Жан-жағымды аңдап алдым,
Кірген-шыққанды бағып тұрған,
Есікті ашып-жауып тұрған
Күзетші шалға бардым:
– Ассалаумағалейкум, ата,
Болып тұрмын қапа.
– Уағалейкумұссалам, балам,
Не көмек керек саған?
– Орын керек маған.
– Ана әкім әйелге барсаң,
Ептеп көңілін алсаң...
– Ата-ау, күл мейлің,
Орысша білмеймін.
– Қарап тұрсам түріңе,
Әдемі кекілдісің,
Кіріп кететін секілдісің
Жыланның да ініне.
– Атажан, сеніңіз,
Құмның ішінде еліміз.
Бағатынымыз – қой,
Баратынымыз – той,
Салатынымыз – ән,
Қала тұрмысы таң.
Достарым содан ән сал деп,
Теледидарға шақырған.
Тұрғаным мынау дел-сал боп,
Не сұрайсыз пақырдан?
– Шынымен орысша білмейсің бе?
– Білмеймін.
– Бір нәрсені көңірсітіп жүрмейсің бе?
– Жүрмеймін.
Айтқаныңызға көнейін,
Ақыңызды төлейін.
Тек жөнін бағыңыз,
Жататын орын табыңыз.
– Онда, балам, былай,
Болмасам да Құдай,
Күшімді салып көрейін,
Келісті кеңес берейін.
Орын үшін кішкене
Ақы төлейсің үстеме.
– Ой, атасы, болды!
– Әуелі қара да оңды-солды,
Ұстата сал «онды».
– Оны кәзір-ақ алыңыз,
Қалтаңызға салыңыз.
– Оу, қасқа,
Тым саспа,
Балалықты таста.
Сыртқа шық та, қайта кел,
Сәлеміңді айта кел.
Қол алысқан кезіңде,
Лып еткізгін өзің де.
Бұл іс сыртқы көзге сын,
Бергеніңді ешкім сезбесін,
Өзім қатырам өзгесін.
Айла көп-ау адамда,
Солай еттім табанда:
Асыға кіріп ербеңдей,
Әкемді жаңа көргендей,
Шалдың қолын алдым.
Алақанына қондырып «онды»,
Өзі сондай оңды
Қонақүйден орын алдым.
Енді шалқамнан түсіп жатырмын;
Керегі жоқ ақылдың,
Ақшаң болса – болды.





Пікір жазу