05.04.2022
  149


Автор: Абдрахман Асылбек

Жымқырбаев жолда тұр

Жымқырбаев жолда тұр,
Ала таяқ қолда тұр.
Шоферларды шетінен
Тоқтатады ол батыр:
«Суық екен салоның,
Бос үрленген балоның.
Сондықтан да, бауырым,
Тесіледі талоның».
Шофер гәпті білгенде,
Есін жиып бір демде:
«Теспеңіз, – деп, талонды»,
Тастап кетті мың теңге.
Жымқырбае тосып тұр,
Мыңға мыңды қосып тұр.
Тағы бірін тоқтатты,
Келе жатқан жосып бір:
«Желдей ұшып келесің,
Қайда асыққан немесің?
Ережені бұздың сен,
Правоңды бересің».
Шоферға бұл жетіп үн,
Таппақ болып тетігін,
Правоның орнына
Тастап кетті екі мың.
Жымқырбаев тосып тұр,
Мыңғы мыңды қосып тұр.
Тағы бірін тоқтатты,
Қалды шофер шошып бір:
«Кузовтағы шөбің не?
Бұл жүрісің тегін бе?
Правоңды бересің,
Күдік туды көңілге».
Көріп қатал кескінді,
Шоферға тез ес кірді.
Правоның орнына
Тастап кетті бес мыңды.
Жымқырбаев тосып тұр,
Мыңға мыңды қосып тұр.
«Джип» алам деп жақында,
Көңілі көлдей өсіп тұр.





Пікір жазу