Гүл сатушы мен жігіт
Қан базарда тұр жігіт
Аяқ-қолы балғадай.
Бір тынбайды бұл жігіт,
Алушысын талғамай:
– Кел, жігіттер, келіңдер,
Жүз теңгеден беріңдер.
Жақсы гүлден алыңдар,
Қыздарыңа барыңдар,
Сөйтіп, көңлін табыңдар...
Асығып та аптығып,
Жүз теңгесін лақтырып,
Алып жатыр жігіттер,
Кеуде толы үміттер...
Бір жігіт кеп сұрады:
– Ағасы,
Керек еді гүліңіздің лаласы.
Гүл сатушы деді сонда:
– Қапа болма,
Сенің қызың немене,
Роза тақса өле ме?
Бұл гүлдерді өз қолыммен еккенмін,
Терді аямай төккенмін.
Кезіп жүріп даланы,
Табатұғын лаланы,
Кезі емес қой көктемнің.
Жігіт кері бұрылып,
Жүріп кетті үндемей.
Сатушының бар ниетін ұғынып,
Розасын гүл демей.
* * *
Өспей ме екен гүл деген
Бақшада да, бауда да?
Несі артық түрмеден,
Розаны қамап бақса аулада?
Сондай солғын гүлменен
Махаббатты салғаны ма саудаға?