04.04.2022
  117


Автор: Абдрахман Асылбек

Дабыл

Емес тіпті жағымды үн,
Керегі не дабылдың?
Мазаны алып мезгілсіз,
Шырқын бұзар дамылдың.
Ұры қайдан табылды?
Бір пысықай қағынды.
Меншік машинасына
Орнатыпты дабылды.
Біреу жанап өтсе де,
Күшік жалап кетсе де,
Дабыл ойбай салады
Таңертең де, кешке де.
Қызық көріп бала да,
Қызық көріп шаға да,
Тиіседі әдейі
Машинаға қадала.
Дүрліктіріп даланы,
Дабыл ойбай салады.
Мұндай кезде иесі
Қайтіп тыным табады?
Шеке тамыры тырысып,
Көрінгенмен ұрысып,
Шаң-шұң шығып жатқаны,
Күндіз, яки түн іші.
Көршілер де күйінді,
Пысықайға шүйілді:
«Ұры тұтсаң қоңсыны,
Көшіріп кет үйіңді».
Тығырықтан бұ түрлі
Ойға келіп ұтымды:
Машиасын пысықай
Сатып барып құтылды.





Пікір жазу