04.04.2022
  130


Автор: Абдрахман Асылбек

Қылмыспен күресу

Тергеу комитетінің басшысы
Халықты жиып алды.
Айтпақ боп ащы сын,
Қабағын түйіп алды:
«Жолдастар,
Биылғыдай болмас дәл.
Факт не дейді?
Қылмыс үш есе көбейді.
Қоғам мүлкін тонау
Ұрыларға түк емес.
Алдарын орау
Болып отыр құр елес.
Тапа-тал түсте үйлерге кіріп кетеді,
Көздеріне түскенді іліп кетеді,
Машиналарды тонап, не қуып кетеді,
Таптыртпай, іздері суып кетеді.
Жеке жүргенді қойып кетеді,
Түнде жүргенді сойып кетеді.
Қысқасы, менттеріміз мәнсіз боп тұр,
Қылмысқа қарсы күресіміз әлсіз боп тұр.
Көп қылмыстың беті ашылмайды,
Қылмыскерлер қалай басынбайды?
Бұдан былай сананы сақайтамыз,
Заңды қатайтамыз.
Халық жасақшыларын құрамыз,
Көшеге топ-топ болып шағамыз.
Кәне, соған жазылыңдар,
Алғы шептен табылыңдар,
Қылмыскерлерге жабылыңдар», –
Деп үлкен міндет жүктеп кетті.
* * *
Ұрыға бос сөз не керек?
Тұрғанда-ақ ойын шегелеп,
Басшының үйін үптеп кетті,
Кілемдерін бүктеп кетті.


 





Пікір жазу