04.04.2022
  153


Автор: Абдрахман Асылбек

Маскүнемнің мойындауы

Осы мен кім боп барам?
Араққа құл боп барам.
Ішкілік ішкен сайын,
Азғындап, жүн боп барам.
Берсе кім қарыз маған,
Ол нағыз жаны ізгі адам.
Күн шықпай ала таңнан
Бас жазу – парыз маған.
Салқындап сана мынау,
Жұмысқа барамын-ау.
Мардымды түк бітірмей,
Қайтамын, қарағым-ау.
Жұмыстан шыға сала,
Күтеді сырахана.
Іздеймін күштірегін,
Азырақ «қуат ала».
Достар көп мұндай кезде –
Өзімдей ыңғай кезбе.
Табамыз жартылықты,
Жорғалап құрдай лезде.
Жын ұрып қағынамыз,
Сүрініп-қабынамыз.
Кей күні айықтыру
Үйінен табыламыз.
Жұрт күлер күйімізге,
Ондай сәт жиі бізде.
Қалай кеп құлағанды
Білмейміз үйімізге.
Тіріліп таң алдында,
Тіреліп жан алқымға,
Ойлаймын бас жазуды,
Оранып жанар мұңға.
Өзімнен әл кетеді,
Жүзімнен әр кетеді.
Жүз грамм сіміргенде,
Жанарым жарқ етеді.
Түріммен, қалқаш, мынау,
Шынымен алкашпын-ау.
Осылай кете берсем,
Алысқа бармаспын-ау.





Пікір жазу