Домбыралы төбелес
Хабарланып қауымға,
Концерт келді ауылға.
Тайлы таяғымызбен,
Өгіз аяңымызбен
Клубқа қарай ағылдық,
Өйткені, өнерді сағындық.
Концерт болғанда қандай?
Біріміз қалмай,
Қызықтадық-ау сол кеш бір,
Негізгі топ оркестр:
Теноры бар, басы бар,
Кәрісі бар, жасы бар,
Әншісі, күйшісі бар,
Бұралған бишісі бар –
Жетпіске саны таласар,
Бір колхоз десек те жарасар.
Обалы не керек,
Домбыраларын төбелеп,
Әндерін айтып жатыр,
Күйлерін тартып жатыр,
Билерін билеп жатыр,
Зал іші гулеп жатыр.
Көптің күткені осы да,
Қол соғып жатыр жосыла.
Концерттен кейін асханада
Әртістер қонақ болды.
Қонақтың күткені ас қана ма?
Ішімдік мол-ақ болды.
Әртістер аздан соң қыза бастады,
Отырыстың шырқын бұза бастады:
– Әй, осы жерде сен кім? – деп,
Қалшылдап та селкілдеп,
Ең мықтысы менмін, – деп,
Бірімен бірі жағаласып кетті,
Опыр-топыр араласып кетті.
Әлдісі әлін жұмсайды,
Әлсізі бойындағы барын жұмсайды.
Домбыралар қолға алынды,
Қолға емес – сорға алынды.
Әрбір басты дүр санап,
Бірін-бірі жүр сабап,
Шағылып жатыр кіл шанақ.
Бүлініп жатыр бұғақтар,
Жырылып жатыр құлақтар.
Концерттің осы болды көкесі:
Бірінің ісіп шекесі,
Көгеріп көзі бірінің,
Бірінің бұзып мұрынын,
Бір кезде төбелес аяқталды,
(Демейміз бірін-бірі аяп қалды),
Домбыралардан тек таяқ қалды.
Артынша таң атты,
Мастықтарын таратты,
Достарды жерге қаратты.
* * *
Келесі ауыл концертті күтіп отыр,
Не домбыраның сау бірі жоқ,
Не жұртқа қарар түрі жоқ,
Әртістер болса, бітіп отыр.