04.04.2022
  289


Автор: Айнұр Тұрсынбаева

Шымкент

Аңсайтын адам басқа емес,
Шымкенттің дәмін аңсасын.
Бір жеген адам жүз келер,
Көк сарайыңның самсасын.
Мадленнен тәтті жейміз деп,
Салмақтың қостық қаншасын.
Астана жақта мың теңге,
Ал Шымкентте жүз теңге,
Тоймайсың тіпті жесеңде,
Кәуәптарыңның баршасын.
Таңдайдан дәмі кетпейді,
Бұл жақтың ішсең сорпасын.
Арқаға барсаң бораннан,
Тоңып қалам деп қорқасың,
Шымкентке келсең тағамнан,
Толып қалам деп қорқасың.

Берекелі елсің осындай,
Қарайтын жұрттар таң қылып.
Түлкібасыңның алмасы,
Салтанат қылар сән құрып.
Төлебиіңнің қымызы-ай,
Апалар баптар бал қылып.
Отырардағы қымыран,
Таңдайда дәмін қалдырып.
Палауы жақсы Сайрамның,
Бөлек қой онда дәмділік.
Сарыағаш суын бір ішсең,
Дертіңнен кетер сау қылып.
Ал Шардараның балығы,
Жадыңда тұрар жаңғырып.
Осындай құтты өлкені,
Айтпаймын қалай ән қылып.
Өзіңде туған адамдар,
Өлгісі келмес мәңгілік.

Бұйырса талай келерміз,
Той құтты болсын Оңтүстік.
Тойыңа шашу шашқалы,
Сахнаңызға дәл түстік.
Берекең арта берсін деп,
Палау жеп, етпен сорпа іштік.
Шымкентте қалың қазақ көп,
Салттары нағыз ғажап деп.
Сен үшін талай айтыстық,
Сен үшін талай тартыстық.
Оңтүстік жақта болған соң,
Дейді ғой сені жалпы ыстық.
Ауасы емес бұл жердің,
Қонақжай, дархан халқы ыстық.
Табиғаты емес бұл жердің,
Шариғат тұнған салты ыстық.





Пікір жазу