04.04.2022
137
БӨЗ ӨТЕДІ ДЕСЕДІ МАТАЛАРДЫҢ АТЫМЕН…
Бөз өтеді деседі маталардың атымен,
сөз өтеді деседі аталардың атымен.
Таудың атын қойып ап титтей төбе-үрпекке,
түйе қылып түймесін өткізіп жүр жұрт ептеп.
Өткізіп жүр көп істі жұмыс қып көп сатымен,
өткізіп жүр соғысты тыныштықтың атымен:
көгершіннің қанатын желпуіш қып жау мына
жанап-жанап кетіп жүр сенің туған аулыңа.
Қой терісін жамылған жамандайды ел қасқырды,
қыз шәлісін жамылып талай дұшпан басқа ұрды.
Адастырып ақылды қинайды екен адамды,
жақсылықтың атымен өтіп барлық жамандық.
Бүйте берсе бүгінде матаға да сенбессің,
бүйте берсе түбінде атаға да сенбессің,
Не жақсылық дейсің бұл,
көңіліңе жара сап,
жақсылықтың өзіне күмәндана қарасақ.
1969, 1982