03.04.2022
168
БҮЛДІРСЕҢ ҮЙ ЖЕТЕДІ, БҮЛДІР ДЕДІМ…
Бүлдірсең үй жетеді, бүлдір дедім,
сындырсаң, үйретемін, сындыр дедім.
Жасаған саған, балам, қиянатым:
тікенге табаныңды тілдірмедім.
Мына қол күрек ұстап, күй білгелі,
ешкімге шерткізбедім, тидірмедім.
Жасаған саған, балам, қиянатым:
өкшеңді ыстық құмға күйдірмедім.
Өркеші қара шыңдай қатты, айыр тік,
түйеден үйретпедім атты айыртып.
Мен саған үйретпедім, кешір, ұлым,
кешқұрым қозы алдырып, лақ қайыртып.
Іргені көрсетпедім түннен түрген —
күдіктен, кірлен, көңіл, кірлен, кірлен:
білмеймін қалай адам боларыңды
шыр етіп шыбық жемей бір кемпірден.
1969, 1982