03.04.2022
125
АТАҚ ДЕГЕН НЕМЕНЕ…
Атақ деген немене?
Ақ жорға ма деп қалам,
әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған.
Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау:
кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар.
Байлық деген немене?
сараңдық па деп қалам,
жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған.
Мен де болам демеші, екі көздің құны не:
екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне.
Бақыт деген немене?
сұлу қыз ба деп қалам,
әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған.
Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз:
шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз.
1969