03.04.2022
159
ТАҒЫ, ТАҒЫ...
Ақ бұлақтың тағы тулап ағысы,
анау қыран кетті шыңнан тағы ұшып.
Сен отырсың тағы маған ұрысып,
мен отырмын бір досыммен тағы ішіп.
Бір сотқардың қас-қабағы тағы ісіп,
бір момынның кетті тағы намысы.
Екі лашын екі бөлек өтті ұшып,
екі қарға қалды тағы табысып.
Көп ғалымнан тағы шықты бір надан,—
тағы менің бір ойымды ұрлап ал.
Тағы тартып бітірдім мен бір күйді,
бір тыңдаушым тағы өкпелеп тұр маған.
Тағы да іздеп ойдың жаңа түр-түрін,
тағы ілінбей отыр менің кірпігім.
Отырғанда осыларды тағы ойлап
өтіп кетті-ау тағы менің бір күнім.
1969, 1982