03.04.2022
  109


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ОЙЛАНАРСЫҢ ШЫНЫМЕН ӨМІР ЖӘЙЛІ…

Ойланарсың шынымен өмір жәйлі,
бір ынжық
уәде берген бастығың қалған шақта күмілжіп.
Ойланарсың ашына алып беттен,
сені аттап,
сенген досың сертінен тайып кеткен сағатта.
Өткеніне өкініп,
түзетем деп әкеңді,
болдырам деп болмасты көбейтерсің қатеңді;
көңлің қалып бәрінен,
көбік қауып —тоярсың,
қателікті содан соң қате деуді қоярсың.
Ұғынарсың жарайды:
өз әлінше мықты ағып,
бұл жолдардың талай бір қатеден соң шыққанын.
Сосын барып екеуміз қайтадан бір кездесіп,
өмір жәйлі тағы да ой пішерміз, сөз кесіп,
Әзір осыны ойлай тұр,
оңаша үй бар анда бір,
екіншіде айтармын білгенімнің қалғанын.
1969





Пікір жазу